Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  175


Автор: Тортай Сәдуақас

ӨТКЕН КҮНДЕР БЕЛГІСІ

Өткен күндер белгісі, – Жөнсізі бар, жөндісі:
Аз болды ма шендісі, Мәз болды ма шерлісі?!
 Өз жерімде қи теріп, Өгей болып күн кештік.
Өзегімнен итеріп, Өзеуреді білместік.
«Анау жақта» – жүзіміз, Алламен ел болды «араз»?!
Алма есімді қызымыз, – «Алла» атанып ол да мәз!?
Семей қатты сорлады, Сергелдең боп сүйікті ел.
Сепкен удан жондағы, – Сеспей қатты киіктер!?
Арал тұзға айналды, Арашаға түспедік.
Адамдары қайғы алды, Ау да шіріп, құс та өліп.
Түу алыстан сұратып, «Тура бидің» бұйрығын;
Туын елдік құлатып, Туды басқа қилы күн.
Тегінен ел келді үркіп, Тентіретті қаталдық.
Тілімізді телміртіп, Тірі жетім атандық.
Абалаған айтаққа, – Абылайды «қырды-ай» кеп:
Абыз болмақ қай таққа, – Абыройдан жұрдай боп?!
Өткен күндер қалдырған, Өкініш те көп еді?..
Өзектерді жандырған, – Өмірдің жоқ төлемі?!
Келді азаттық шат күліп, Бебеулеткен неше ерді:
Берекемді ол арттырып, Берсін тағдыр есемді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу