Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  125


Автор: Тортай Сәдуақас

ТӨРТҚАРАҒАЙ

Аспаннан атқан таңдар төккен арай,
Бой созып ұмтылатын көкке қарай:
Менiң де қиялымды қияға атқан,
Мекенi бабалардың – Төртқарағай!
Төрiнде туған елдiң төрт тiрегiм,
Ұзартқан ел үмітін, көп тiлегiн:
Бабамның тамы қалған баурайыңда,
Бал дәурен балалығым өттi менiң.
 Кең ашсаң құшағыңды ұл-қызға бар,
Төбеңде самсап талай жұлдыз жанар:
Төгiлiп құйрық-жалы Құлайғырдың, –
Би болған – Қуанышбай, Құлмырзалар!..
Тегiнiң танытқандай қайсарлығын,
Қуанам өркенiңдi жайсаң бүгiн;
Сұм заман суық қарап, сұғын қадап,
Бабамның ақтармады қай сандығын?!
Тұлғаңа сенің бей-жай қарай алман,
Өзіңнен өрге жүзген талай арман:
Саласың ұрпақтардың зердесіне, –
Болғанын басқалардың қалай орман!
Алдымнан арман жолын ашқан алап,
Өзiңнен қанат қаққан жас махаббат;
Өсе бер жамырасып жас ұрпағың,
Кеше гөр қадамымды басқан ағат.
Төртқарағай дегенде, Төртқарағай,
Өмiрде кiм өтедi жоқ қарамай:
Торыққан кей сәтiмде қуат берсең,
Толысып топқа түсем тоқ баладай!
Төртқарағай дегенде, Төртқарағай,
Жандар бар кiсiлiгi жоқ панадай;
Таралып туған жерге тамырларың,
Өркенде өзегiңе өрт тарамай!
Өр едiң, сұңғақ едiң, еңселi едiң,
Ұрпағың дәл сендей деп мен сенемiн:
Сен желдiң өтiнде қап шайқалғанда,
Мен елдiң шетiнде қап теңселемiн!..
Зар болдым шетте өзіңдей бауға қайран,
Шығайын шырқап бірден тауға қайдан?
Сен тұрсаң дір-дір етіп дауыл ұрып,
Мен жүрдім мезі болып дау-дамайдан?!
Жасымай жасын ойнап, жай түскенде,
Жас ұлды баулып едің мәрт істерге:
 Басыңа бұлт үйірген ызғырықтай, –
Бұл өмір – тартыс күнде, айтыс күнде!?.
Жүзіңе жаз дидарлы толған арай,
Жөн сілтеп тұрушы ең ғой жолға қарай;
Еңсеңді тік ұстадың есер желге, –
Маған да мына тірлік болмады оңай!?
Сұм өмiр шешен де еттi, көсем де еттi,
Жақсылар талабымды неше өрлеттi:
Жолымды кестi талай кiсәпiрлер,
Тар жерде талайларға есем кеттi?..
Қиянат көрдiм бiраз, аз көрмедiм,
Жаныма соның бәрi жазды өрнегiн:
Сырымды саған айтам сыннан өткен,
Сарнаған сардалада сазгерлерiм!..
Менiң де өрт шалған бiр бар бұтағым,
Торымды толқып ордан қарғытамын:
Сиынам қолдай гөр деп ата аруағы, –
Әулие Әйтiмбет би арғы табым!
Төртқарағай дегенде, Төртқарағай,
Бұл күнде бабың бар ма, жоқ па, қалай?
Ұмтылған болашаққа ұрпағыңның, –
Керуенi қоңыраулап тоқтамағай!..
* * *
Асқан кезде Ақтөбенің басынан,
Көңілімді көрсең менің тасыған:
Көлбеңдеген ақ жаулықтай түтіні, –
Туған ауыл құшағына асығам!
Туған жердің түтіні ыстық көлбеген,
Аналардың ақ жаулығы ол деген:
Ыстайыншы шер толқытқан кеудемді,
Сағынышты басайыншы шөлдеген!
Үмітімнің үрлеп отын жандырған,
Туған ауыл көлбеңдейді алдымнан:
 Онда менің сырларым бар жаңғырған,
Онда менің жылдарым бар балдырған.
Сол жерден мен шыққам үлкен сапарға,
Астым өрге қосылам деп қатарға;
Онда менің үй-орманым, елім бар,
Жан емеспін жүрген жалғыз жапанда.
Орман-тоғай жұпар шашып қырларға,
Қызыл бидай толған талай қырманға;
Жебеп жатқан сол бір бей-жай тірлікті,
Ата-баба бейіті бар бұл маңда.
Іздеген жан ізгілікке жолығар,
Ағалардың салған мұнда жолы бар:
Тәлім берген талай тарлан тұлғалар, –
Жырлары бар, сырлары бар мол ұғар.
Онда менің кездерім бар мұң басқан,
Онда менің достарым бар сырласқан;
Артыңа бір қайырлуға үлгертпей,
Әттең уақыт зымырайды тынбастан.
Сол күндерге мәз болам деп сырғыған,
Қалып ем ғой көз жазып көп құрбыдан;
Көзкөргендер кетті неше келмеске,
Оларға да арналады жыр-дұғам.
Алты ай қыста Ақтөбені қар басқан,
Асу бермес ақ бораны арбасқан;
Табиғаттың сынағындай бұл да бір, –
Жігіт үшін ат жалына жармасқан!?.
Асқан кезде Ақтөбенің басынан,
Қуат алам туған жердің тасынан;
Шетте жүрген шер көңілді ол сергітіп,
Жанитындай жігерімді жасыған!
Асқан кезде Ақтөбенің басынан,
Бойда – қайрат, ойда сезім тасыған;
Төбесіне көтергендей туған жер,
Жүрегімді тербейді бір асыл ән.
 Асқан кезде Ақтөбенің басынан,
Туған жердің құдіретіне бас ұрам!
Осы жолмен өткен-кеткен кезіңде,
Сол бір сырды сен де ұға жүр, жас ұлан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу