Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  126


Автор: Тортай Сәдуақас

УАҚЫТПЕН СЫРЛАСУ

Кей сәтте өзіме өзім есеп берем,
Шоқтарын көңілімнің көсеп көрем.
Қынжылсам – сағаттарым мағынасыз,
Қуансам – минуттарым бос өтпеген.
Ұмыт боп ұзақ күнге шаршағаным,
Тәтті өмір – таңдайымда, тамсанамын.
Күрсінсем – өткен күнге өкінгенім,
Серпілсем – келер таңды аңсағаным.
«Ал ертең тындырам, – деп, – бәлем, бәрін»,
Білдірем зор істерден дәмем барын.
Зымыран уақыт бірақ үлгіртпейді,
Лезде парақталып календарым.
Қашалмай тұлпарымның тұяқтары,
Мен жүрмін түк болмаған сияқты әлі.
Қоздырып делебесін дүйім елдің, –
Жарыста қалып қойған ұят тағы.
Жүйрікке сын бәйге ғой бұл дегенің,
Біреудің аты озғанын күндемедім.
Шандоз көрсем шашасы шаң қаппаған,
Шабысына сүйсініп жүрген едім.
Жел қиял жетектеді желіктіріп,
Сиқыр ой әкетті ме еліктіріп;
Амал жоқ бұруға енді аттың басын,
Қосылдым бір нөпірге келіп кіріп.
 Сыртымнан суық көз де бар сынаған,
Бір тылсым дүниеге қарсы барам;
Қаратпай алды-артыма алып кетті,
Бір үміт, бір тәуекел қамшылаған.
Қолыма қалам алғам түртінектеп,
Жыршы деп те қояды жұртым ептеп.
Соңыра күн не деймін сөреге кеп,
Соққан желдей бұл тағдыр бір күні өтпек.
Өз елім өрге салып байқады ма,
Не олжа салдым далам – байтағыма?
Жақсының мүддесіне жақтастым ба,
Біреудің кеттім бе еріп айтағына.
Айта алсам – налам да бар, назым да мол,
От пен су, бар ма алдымда қазылған op?
Сый емес, сауық емес, сынға түсу, –
Перзенттің маңдайыма жазылған ол.
Асырсын ел мерейін озған ұлан,
Қайран ел нені аясын боздағынан;
Сын айтты, серпін берді, сенім артты:
Көрейін ендігісін өз бағымнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу