Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  158


Автор: Тортай Сәдуақас

АЙНАКӨЛ

Еркеш Ибраһимге
Айнакөл, айналайын асыл арнам,
Жас құрақ, жағалауың, жасыл орман.
Өзіңнен бал бұлақтар басын алған,
Жайнаттың өңірімді, жасыра алман.
Мөлдірім, жанарларды жасқап тұнған,
Тасыр жан тас боп қатсын тас лақтырған.
Сүйсініп сені көріп, марқаяды, –
Аспандап Оқжетпесің асқақ тұрған.
Ғашықтар айдыныңа арнап барып,
Сырласқан, армандасқан арна ақтарып.
Ақ жарқын пейіліңмен сен жатасың, –
Далиып, дараланып, аруақтанып.
Жан біткен іңкәр болып жағалаған,
Шабытың шырқау ұшқан шағаладан;
Толқының туласын деп, шуласын деп,
Менің де көңілім бұл саған алаң.
Ежелден ырысымдай бөктердегі,
Көңілім сені көріп көкке өрледі.
Шалқи бер шабыт буып, Айнакөлім,
Бірге есіп айдыныңнан көктем лебі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу