Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  274


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖИЫРМА БЕС

Жігері жиырма бестің осы ма екен,
Кеудемді қиындарға тосып өтем.
Тәкаппар асуларға атой салып,
Жаны ізгі жанның бәрін досым етем.
Жырламай, қайран жастық, тынар ма үнің,
Әсте бір арылмайды-ау құмарлығым.
Көңілім көк теңіздей көбік шашпай,
Жас жаным қалай тыншып тұрар бүгін.
Биіктен биіктерге қарғып аттар,
Көсіліп көңілдегі арғымақтар;
Мен бүгін тағат таппай заулап келем,
Қол бұлғап асыл арман, нұрлы бақтар.
Армысың, жиырма бесім, бол танысым,
Шынайы махаббаттың шолпанысың.
Сен берген от-жалынды сыйлап өтем,
Осынау Отан үшін, ортам үшін!
* * *
Жиырма бес, қоймайтұғын сүйсінбеске,
Бүйірлерді қыздырған бисің кешке.
Серілікпен, мәрттікпен өткен күндер,
Ғажайып естелік боп жүрсің бе есте?!
 Қажымыстан, талмастан талаптанып,
Кемел ойың дамылсыз қанат қағып;
Ғұлама дәуіріңнің таңдарындай,
Күн сайын жатасың сен парақталып.
Түлетіп туған елің қыран еткен,
Самғайсың тауларға өрлеп қия беттен.
Қиындық болса қайда, сен жүресің,
Ұстасып палуан қолың қияметпен.
Сыры бай, сый да көрген, сын да кешкен,
Жасампаз әке жолы шыңдап өскен;
Бұл халқым бір ғаламат ерлік күтсе,
Күтеді алдымен тек жиырма бестен!
Жапанға – нұр, жалын боп қала, тыңға,
Жиырма бес шұғыласын таратуда.
Келеді асқақ жігер, асыл арман, –
Зымырап замананың қанатында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу