Өлеңдер ✍️
АЙНАКӨЛ ТОЛҚЫНДАРЫ
Ардақты дос, Айнакөлде болып па ең,
Көл бетіне көз жіберіп көріп пе ең?
Жұмбақтасқа қарап па едің – сымбат тас,
Көздің жауын алған ғажап көрікпен.
Оны көрсем теңеу іздеп бір тыңнан,
Сезім баурар жүрегімді бұлқынған.
Ойға шомып қалған мұнда мүсін боп,
Ботакөздің өзі емес пе, ей, бұл тұрған?
Білсең оны Ботакөзге балап біл,
Алтын күннен дидарына тарап нұр;
Ойлы көзбен ерке айдынға – ертеңге,
Қайсар жүрек қазақ қызы қарап тұр...
* * *
Көкшенің көлге тұнған даласында,
Көз алдың көрме десем, нанасың ба?!
Сексен көл сексен қаздай саңқылдаса,
Айнакөл – аққу сынды арасында!
Көкше осы – көк мұнарға дала тұнған,
Аспандай көк бояудан жаратылған.
Сексен көл – сексен жұлдыз жарқыраса,
Айнакөл – толған айдай дара тұрған!
Өй, мынау, өңім бе еді, түсім бе еді,
Аңқыған әтір, әйбат мүсіндері:
Сексен көл сексен сұлу серуендеген,
Айнакөл – Ақтоқты ару ішіндегі!
* * *
Өреніңе өнеге боп о баста-ақ,
Толқындарың көрмеген-ау, толастап.
Құлагердей құйрық атып құйғытқан,
Көк айдында көп толқының өр, асқақ.
Қашан көрсең қалпыңдасың көк теңбіл,
(Қашан көрсең лайланбас көл неткен бұл).
Біржан әні сияқты мың ырғақты,
Қуың қандай, суың балдай, мөп-мөлдір!
Мағжан, Сәкен самғаған сан аспаның,
Тереңіңдей толғап терең дастанын.
Соларға ұқсап, өзіңе ұқсап шалқыған,
Мен де өзімше толқын ата бастадым.
Сапарым бар сан асудан әрі аспақ,
Қатарым бар көкпар сында таласпақ.
Ендеше, Айнам, жыр жазайын өзіңдей,
Әрі мөлдір, әрі терең, әрі асқақ!
* * *
Айдының кең, айбының өр, Айнакөл,
Дәл өзіңдей мөлдіреген қайда көл?!
Астауында асыр салып асыл нұр, –
Жылт-жылт етіп, жымияды жай ғана ол.
Кең сарайдай ішінде көк мұнардың,
Бикештердей билеп мың сан бұралдың.
Ақша бұлттар айналсоқтап айнаңа,
Көкке құмар көңіліңді ұғар кім?!
Қыздырғандай жәрмеңкесін құстардын,
Қызығыңнан қайтіп сенің тыс қалдым?
Шат күліскен ортасында достардың,
Мен де өзіңдей ізгілікке құштармын.
Көкше таулар айналаңда мұнартып,
Көп қараймын айдыныңа құмартып.
Құс қонбаған борсыған көл болғанша,
Өзіңе ұқсап шалқып өткен мың артық!
Шаттанамын шарасы кең бейнеңе,
Шарқ ұрмаймын өзіңе ұқсап, беу, неге?
Саған келсем күмбір-күмбір күйменен, –
Толқын-толқын саз келеді кеудеме.
Қазан айы қазаныңды сапырып,
Қаңтар өтер қабаққа мұз қатырып.
Қарашада қара шашың дудырап,
Құсыңды іздеп құса болдың аһ ұрып.
Жанымды ұқпай кейде досым жүрсе аулақ,
Мұң менің де кеудемді алар құрсаулап.
Мен де мәзбін абзал жандар ішінде, –
Аспанымнан тұрғандай боп нұр саулап.
Өршеленген дауылға ықпас өжетсің,
Өжет күндер мені, мейлі, мезі етсін!
Тебіреніп жатасың сен, баршаны
Іңкәр еткен тереңдікке не жетсін!
Шүпілдейсің, шүпірлейсің тынбастан,
Сыбдыр-сыбдыр кезің бе ол сырласқан?
Шалқып-толған сәтіңдей сол, менің де
Шабыт буып, кеудемде ескен жыр-дастан.
Тұлпар толқын күдірейтіп шоқтығын,
Лықсып, шалқып жатқан сенде жоқ тыным.
Ертеңді аңсап арман қуған менің де, –
Толастамай өтіп жатыр көп күнім.
Шаттанамын шалқып толған бейнеңе,
Шарқ ұрмаймын өзіңе ұқсап, беу, неге?
Саған келсем күмбір-күмбір күйменен,
Толқын-толқын саз келеді кеудеме!..
* * *
Айнакөл, айналайын шырайлы анам,
Шыға алмай айдыныңнан шыр айналам.
Өмірдей өзі терең, өзі мөлдір, –
Жан оңбас жалтырыңды ылайлаған.
Өмірдің өрге жүзсем белесінде,
Өзің бұл дәтке қуат бересің де.
Жанашыр жандай болып жырақ кетсем, –
Жүресің ұмытылмай сен есімде.
...Баламыз, баламын ғой ол күнде мен,
Басасың асау көңіл өртін немен?
Жартастан суға қарғып ойнаушы едік,
Жағада жалдап ақжал толқынменен.
Шарасын шалқар Айна сапырады,
Шарла деп айдынымды шақырады.
Кім білсін, өжетті өрге асырады,
Жасықты әлде терең батырады?!
Құлшынсаң құлаш ұрып кемеріме,
Бойлап көр дей ме әлде тереңіме;
Топшыңды бекітейін толқыныммен,
Ынжықтың дей ме маған керегі не?!
Жас жаным тоят таппай келбетіне,
Жүзсем деп жүз ұмтылам көл бетіне:
Күмп беріп сүңгіп кеттім әлгі екпінмен,
Көміліп көк толқынға сол бетімде.
Көп толқын бері итеріп, әрі ысырып,
Көрінді әрі сұсты, әрі суық;
Қақалып-шашалсам да малтығалы, –
Тал қармап талпынамын жан ұшырып.
Бойласам бойымнан да барады асып,
Үрей мен ыза бойда араласып;
Ойнайды арсалаңдап, сақ-сақ күліп
Көк толқын көңілімді ала қашып...
Сорыма секірдім бе қара басып?!.
Арбаумен алды-артымнан ойқастады,
Жағаға жетсем деген ой бастағы.
Әйтеуір малтып кеттім қысылғанда,
Тірелді-ау табаныма қойтастары.
Толқынмен толқып жаным тыншымады,
Бастықпай бала көңіл құлшынады;
Сол тұста қала берді-ау, балалығым,
Өмірлік сабақ болып бұл сынағы!
Көсіліп көкжиегі көрінбеген,
Япырмау, осы ма еді өмір деген!
Теңіз бұл толқын атқан толы сынға,
Шарқ ұрып кете бардым төрінде мен!..
* * *
Көктемде кербез сұлу, жазда керім,
Көкседім сексен көлдің сазды әлемін.
Көліңді, Көкшем, көптен жазбап едім,
Көрік боп көкірегім мазда менің!
Көңілім көп жауынды көксеп еді,
Кеткендей түбі түсіп көк шелегі:
Нөсерлеп қалың бұлттың өтсе легі,
Беу, сосын жұпарыңның өпсе лебі!
Айнакөл, жағаңда елтіп өскен едім,
Көркіңді жырына енді қосты өренің.
Бір қызды дәл өзіңдей дос көремін, –
Аңсатып қойған мені қос кемерім!
Сағынтты сол бір сұлу торғын бұрым,
Сол ғой деп білем сексен көлдің бірін.
Тағатсыз жолға шықпақ болдым бүгін,
Билетті алып қойғам он күн бұрын!
Жатыр ма тулап қазір көктемгі арнаң,
Қалқамен гүл теруші ек бөктерде алуан.
Кешіксем деп жүрмей ме «өкпем қалған»,
Көксеткен көңілдегі көптенгі арман.
Өңірің қызғалдаққа толған өндір,
Айнакөл, сен де мөлдір, ол да мөлдір!
Аққу-қаз жүзеді ойнап айдыныңда,
Менің де аққуымды қолға қондыр!..
* * *
Аяулым менің!
Арқарлы белден асқанда-ақ,
Алдымнан шықсаң қаламын сәтте аспандап.
Мен де бір жылғаң,
бұлақ боп енді басталмақ,
Мен де бір құсың, көліңнен ұшқан қасқалдақ.
Сағынып келдім, сәлемімді ыстық ал бүгін,
Айнашым менің,
жаралған егіз тағдырым.
Көгілдір мұнар, көк желек нуың, жаңбырың,
Хош иіс ауаң, аңсадым соның барлығын!
Баурайда қалған балдырған жылым, бал айым,
Жидекті белге, үйректі көлге барайын.
«Шортанкөл» барып шомылып рахат табайын,
Тұйықтау өскен тұрғылас едім, ағайын.
Құмартып еді қызғалдақ сынды қыз біткен,
Достарға жетем, кезіміз жоқ қой сыр бүккен;
Сағынған сайын дос көңіл мынау – үздіккен,
Аяулым, сені аңсайтын болдық біз тіптен.
Айтатын ылғи ажарлы сөз бен аталы ой,
Аман-cay ма екен ақсақал қарттар батагөй.
Аналар абзал:
«Үйге кір, – деп, – дәм тата ғой»,
Амандық сұрап, аңқылдап әман жатады-ой!
Жондарың пүліш,
қойнауың ырыс шалқыған,
Алаулап жүзі шаттықтың нұры шарпыған.
Түлегің қанша түлеткен сені мәрт ұлан,
Тұлғаңа ұқсап биікке мен де талпынам.
Береке тұнған өзіңдей ғажап өлкенің,
Көгінде қунап, төрінде өскен ерке едім;
Құтайып елің, құлпыра өсіп өркенің,
Шапағат нұрға шомыла берсін ертеңің!
* * *
Айнакөлім – күйтабағы аумаған,
Күйсандық боп елестейді тау маған.
Жел елгезек жүгіреді ән салып,
Көк толқыны көңілімді аулаған.
Кең алаңға көз қиығын салсаң бұл,
Баурап алар биімен бір ансамбль:
Бұл атақты – «Биші қайың», беу, қыздар,
Биле, биле, бұраң белім, тамсандыр!
Алақанын шапалақтап жапырақ,
Ақан әнін айтатындай атырап.
Тебіреніп қосыласың сол сазға,
Табиғаттың тамашасын бақылап.
Міне, міне, тағы да әнге басты көл,
Елтіп қапты аспан, орман, тас түгел:
Салтанаты сынды мынау өмірдің, –
Өнерлі елде өтіп жатыр гастроль.
* * *
Жағажайда жалғасқан бұл бақ керім,
Жаздай, Айнам, бір қызыққа батты елің.
Аққу қыздар айдынында, беу, қандай,
Құралай көз, кептер кеуде, тәтті ерін!
Қонақ келсе қошеметтеу салтың шын,
Мөлдіріңе тас атқанды ант ұрсын.
Сәулетіңе күнде көріп ғашықпын,
Қиырдан кеп құмар болған жан тұрсын.
Серуен құрып келген жандар сейілмен,
Сенен табар сері мінез, пейіл кең.
Ана болып қарсы аласың аңқылдап,
Қарсы аласың бәрін ыстық мейірмен.
Айнакөлім, шабытты өлке, шатты өңір,
Сенде өйткені сәнді тұрмыс, тәтті өмір;
Алауыздық болмас та еді адамда, –
Болса егер де бәрі сендей ақ көңіл.
* * *
Сексен көлдің бірі –
сері, шырайлы һәм,
Өзің жайлы өзімше айтам сыр, Айнам,
Моншақ шашып жатқандайсың маңайға,
Шағырмақпен шағылысып шыны – айнаң.
Мөлдіредің, мөлдір едің, ой неткен,
(Асқан бұдан айна бар ма, бойжеткен)
Бұлт арулар босатпайды алдыңды,
Бұрымы ойнап,
бүрмелі аппақ көйлекпен.
Сауық болар көк мұнарың – Сарайға,
Сол арулар көп келуді қалайды, ә?
Сән түзесіп қайта-қайта қарай ма,
Әтір сеуіп әлсін-әлсін маңайға.
Бір кірпияз адамдайсың зерделі,
Ұялтатын қарау көңіл пендені.
Мөлдірсің сен!
Пенделер бар құр қалған, –
Тереңдік пен мөлдірліктен сендегі.
Аузыңды ашсаң көрінгендей жүрегің,
Сен сияқты абзал досты білемін:
Алыс кетсем,
аңсай бердің шарқ ұрып,
Жолға шықсам, сәтті сапар тіледің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter