Өлеңдер ✍️
ҚАРАҒАНДЫ КЕНІШТЕРІ
(Толғау)
Құландар жортқан құба жон едің кешегі,
Маңдайының соры бес елі.
Сүйікті ұлдарың сен дескен,
Сүйекке түскен таңба деп,
Сүйем жеріңді сұрқия жауға берместен,
Сағыңды сындырмай келген деседі.
Көміріңнен бе, көңіліңнен бе, ал бүгін
Көшелеріңнен ақпан айында да бір жылылық еседі.
Кенішім менің, кемеңгер жұртым қорыған,
Келешек ұрпақ қамы үшін,
Аяулы кезге аңырап жеткен арысым;
Түндігіңді ашшы айқара,
Өркені жоқ, ертеңі жоқ деп тантыған,
Шімірікпейтін шіркіндер, жарқын жамалыңды танысын!
Жететін желпіп желегін, көркіңе сондай құмар таң;
Не көрмедің, тарихтың
Тауқыметін тартып талай мына арқаң.
Шыңырауда шырағданың тұтанбай,
Шындықты іздеп шарқ ұрдың, Қолына батып қыл арқан.
Атқанша солай арайлап нұрлы жарық таң,
Құтылмай қойдың қамыттан,
Тамұққа кіріп тамұқтан.
Құдық та қаздың құл болып, Көмір де тарттың көнекпен,
Тірлігің үшін пұл көріп, Тағдырға төздің зор, өктем.
Көбейіп таныс-тамырың,
Дос пенен қасты саралап енді таныдың;
Жапанның жалпақ жаңғыртып тау мен тастарын,
Қайлаңды енді қайратпен серпе бастадың.
Әр аулыңнан ал бүгін, әуені кезген Мәдидің,
Бақытты жұрттың базарлы сәтін танимын.
Сыңғырлаған күлкісі мен сәбидің,
Шаттықтың әні шалқиды шаңырағынан әр үйдің.
Кеудеңді кернеп ыза-кек, өзегіңді өртеп отты арман,
Ояндың енді, ояндың,
Бақида болып көрмеген ұлы барымта,
Өмірі өтіп көрмеген ұлы көкпардан.
Төңкерістің дүмпуімен дүбір сап,
Ақсорпа болып аты ердің,
Тайсалмай кешіп тарихтың тайғақ кешуін,
Қиясын асып қиямет пенен қатердің,
Асқарға тіккен асқақ ту болып желбіреп,
Жалпақ далаңа жаңа бір мазмұн әкелдің;
Болашаққа енді толғана қарап тұрсың сен
Тұлғасы сынды Қазыбек, Бұқар,
Әлихан, Нығмет, Сәкеннің!..
Шалқар далаңа шадыман заман шапағы болып шашылдың,
Сарыарқаға түскен бір қолтаңбасы секілді,
Жасампаз мына ғасырдың.
Салтанатың мен сәнің бұл,
Әлем астаналарынан бір кем бе, ей,
Арманшыл мына ұрпағың,
Жүрсін деп мәңгі қайғының бұлтын бүркенбей,
Қырағы қыран, тыныштықты қорып тұрсың сен
Қаһарман ұлың Нұркендей!
Сан ұлтпен сенің төріңде, тілеулес болып табыстым.
Сен бүгін достық бағысың ғажап бүрлеген,
Сол бірліктен нәр алып, алып комбинаттар гүрлеген;
Қайнары-сынды табыстың,
Кен қопарған тереңнен, кемеңгерлігіндей Қаныштың!
Солардың ақыл-ойымен кемел ойлап, кең піштің:
Арманың болған арнасын бұрдың Ертістің,
Мың жылдар күткен махаббат,
Құшақтарың қауышып, қаншама сырлар шертістің.
Өркенді өлкем, осылай дәйім жайнап бақ,
Алаштың даңқын айдай әлемге айғақтап.
Қойнауыңда кеше қой қуған
Кім білуші еді Апақты?!
Ал бүгін сенің ой қуған,
Әйгілі болған әлемге, ұланың қанша атақты.
Жасампаз менің жас қалам,
Қарқынмен осы қарыштап алға бас қадам.
Көгілдір болашаққа бастаған,
Керемет даңғылдар жатыр алдында ал,
Көшінді бастап жөнелген сондай парадта,
Тарғындар сынды Арғындар1, –
Жұмысшы табы шыңдалған,
Шығатын талай қаһарман!..
Балғаның үнін естірткен байтақ әлемге,
Теміртау атты шаһардан!
Шыңдалып осы сындарда,
Перзентің шығар ел бастап!..
Ұлысын сүйген ұл барда,
Арманың болар енді асқақ!..
Құшағыңа еніп қиялыңа сыймас домналар,
Солар бүгін толағай кеуде толғанар;
Тебіренген сәтін жеткізіп айту күш тіпті,
1 Арғын Жүнісов – атақты металлург.
Бұрқ та сарқ қайнаған балқымамен салыстыр
Кеудесіндегі оның ыстықты.
Еңбек адамының осыдан, елене бермес сырын ұқ,
Осы болар қарапайым ұлылық.
Біз көбіміз заңғарға ал,
Тек төменнен қарауға әдеттеніп алғанбыз,
Сондықтан да алынбайды арман құз.
Ғибрат ап осыдан, түйсігіңе түйіп бер,
Барласаң ғана биіктен, білдірер бәсін биіктер!
Ал, мына жайсаң жандардың мәрттігінде жоқ па есеп,
Бәлен мың градус ыстықта, қолымен жатыр от көсеп!
Осы қолдар – сертке берік, сүйіктісін аймалар.
Осы қолдар – дұшпан төнсе, жұдырыққа айналар.
Осы қолдар – гүл сыйлаған туған күні қыздардың.
Осы қолдар – сопроматтарды ақтарған,
Кітапханасында «ВУЗ»-дардың;
Келелі небір кеңесте,
Қара қылды қақ жарған осы қолдар емес пе!
Дүниеден бір ұлылық көрсем алдымен,
Осы қолдар құдыретіне саямын.
Осы қолдарды көргенде,
Доллар ұстауға ғана икемді, ақсаусақтарды аядым.
Әжім-әжім, мүйіз басқан осы қол,
Күніне мың амандасқан досы мол,
Қулық баққан мансапқордың емес,
Адал еңбекқорлардың қосыны ол!
Осы қолдар сыры кетпес сынымен,
Осы қолдар ханға бермес шынымен.
Осы қолдар қазанында қайнатқан,
Лавада жатқан лапылдап,
Индустрия жүрегі – құрыштар әлгі шыныққан;
Бұрқылдап қайнап, бұлтылдап ойнап оттықта,
Ағады болат өзені, ағады тынбай лақылдап.
Шашырап ұшып шарасынан шалқар селдеген,
Зымыран болып жұлдызға қарай самғайды ол, –
Аспанның төсін зерлеген.
Төстерден өтіп көптеген,
Құяды алып цехтарға,
Бұлшық еті ойнаған жоғары вольтті токпенен.
Ол көрмеген бар ма сын,
Көреді құрыш білектің, құлаштай соққан балғасын.
Тартады сосын толқыны тулап қиырға,
Алып құрылыстарға бұрып арнасын.
Күркіреп ағып жатады солай жапандар төсін жаңғыртып,
Сияқты шойын рельстер.
Тыңдардың тоңын айырып,
Көк түрен болып тартады байтақ егіске ол,
Орден де болып қадалып жатыр кеудесіне өр асқақ
Жандардың әлгі жеңіскер.
Ыстығымен ерітіп үскірік пенен ызғарды,
Мұзды мұхитта да жүйткиді олар мыңқ етпей,
Омырауымен опырып, мың жылдап қатқан мұздарды.
Әз өлкем менің!
Әлемде әлі бұғауда жатқан бұлқынып,
Әлем де жәлем сауықшыл кенттер аз ба екен,
Өзіңсің бірақ базарлы бағың құлпырып,
Сұлу өмір сүріп жатқан әз мекен.
Қалалар қанша, үйлері заңғар тіреп көк,
Алып вокзалдары көрмеген ешбір толастап,
Бәрінде соның бар ма екен арман зор асқақ;
Азғындар қанша апиын басын айналтқан,
Болашағының өзі түнек боп.
Жаңарса күндер, жаңғырып өзің шалқыдың,
Көзіңнен күнде көремін еңбек жалқынын.
Жүрекке бақыт, білекке шабыт әкеліп,
Ұландар салған ұрандар,
Барады бүгін көтеріп биік еңсеңді,
Қырандар қонған крандар.
Келеді шалқар шулап бақ,
Көшелеріңді көк желегімен шумақтап.
Ақсұңқар құстар, Самұрық құстар тынбастан,
Айдыныңа қонады, жазып тың дастан!
Іздеген талмай бағыңды бүгін таптың кеп,
Кезіңе осы көз салса бір сәт ұйқы ашып,
Не дер еді Мәди менен Тәттімбет!
Онда ғой шіркін,
Моторлар даусы сатыр да гүтір ұйқасып,
Көшелеріңнен жатар еді-ау топан күй тасып.
Өнер қуған өренің көп бірақ та,
Сезімнің селін тасытар есті құлаққа.
Көгіңде жүзген көгершін, көк өрімі көп елсің.
Алтын ұяға асыққан, алаулап жүзі ақ таңда;
Қалғыған түндер жатады шошып оянып,
Мектеп атаулың қоңырауларын қаққанда.
Университеттен дәріс ап, Жаңғырып солай жас кеудең,
Тоятты тағы іздейсің Париж бен Лондон, Мәскеуден.
Көз ілмей шығып түнімен,
Келешек ғасырлармен жатасың тағы сырласып,
Ғаламтордың тілімен.
Сымбаттым, сәнім, сәулеттім,
Осынша байлық, дәулеттің, –
Олжаны ғана ойлаған, обыр құлқыны тоймаған,
Басқалар көрмей қызығын;
Игілігін көрсе ел игі еді!..
Еліне дайым тұратын тартып бүйрегі:
Тәті, Сапақ, Шоң, Ағыбай, Тәшенов,
Нұрмақов пен Ермеков, –
Жұртыңды алға сүйреді!..
Жалындап өскен жас ұрпақ, солардың жолын ұстанып,
Талабы тағы ұшталып,
Адалдық болсын көкірегіне түйгені!
Жаңғырып жаңа заманмен, жайнады қанша жанұя;
Түледі талай түлектер!
Букетов пен Сағынов, Тоқтар менен Жәния!..
Өнеге болып ұрпаққа, жетеді солай тілекке ел!
Жайсаңым менің, жап-жасыл етіп маңайды,
Бүрледі бақтар қаншалық.
Солардың балғын жүзіне барша ел қарайды
Таңдайын қаға тамсанып.
Сен болсаң тұрсың шаттықтан әсем ән салып,
Ұлы ана – жердің атынан – Ғарышкерлерді қарсы алып.
Аттаған сайын оң менен солға қарай қал –
Сәулетті зәулім Сарайлар.
Жазсам деп осы жасампаз шағың хақыңда,
Толғайды жырын ақын да,
Таба алмай әсем балауды;
Шығыстан әне, қып-қызыл өрт боп лаулаған,
Таң да атып кетті алаулы.
Іңкәр боп осы қалаға,
Домна пешінің аузынан әсте аумаған,
Аспанға өрлеп барады алып балқыма!..
Құрышты – құрыш жаниды,
Талантты – талант таниды.
Шуағын құйды ол төгілтіп
Даңқ қосқан сенің даңқыңа,
Риза боп жайсаң халқыңа.
Шаттықтан мен де шарқ ұрдым,
Шашуым осы шалқыма!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter