Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  137


Автор: Тортай Сәдуақас

КӨК МАЙСА ЖЕРДІ КӨМКЕРДІ

Көктем мен көк мұз айқасып, Көмекке Көкек жеткенде;
Көксоқта болар кәрі қыс, Көндіге алмай от демге;
Көмпиген қарлар шегініп, Көлеңке деген шептерге;
Көк сүңгі қалар шытынап, Көбесін мұздың сөккенде;
Көкдолы тасқын соқтығар, Көнтерлі дейтін өткелге;
Көп дауы Ақ пен Қараның, Көк ту боп жайнар бөктерде!..
Көзайым болған ағайын, Көрісіп аман жеткенге;
Көрпесін төсер Наурыз, Көжесін сыйлап текті елге!
Көнекөз берер батасын, Көш түзеп, сапар шеккенге!..
Көз сүзіп туған жеріне, Көштері құстың өткенде;
Көлшіктің көне көздері, Көлбақа толғап кеткенде;
Көбелек бастар думанын, Көк өніп, саздар кепкенде;
Көлбеңдеп ұшар көгіңде, Көгершін менен кептер де;
Көкек пен бұлбұл жырлар кеп, Көмейге таққан көп перне.
Көктің де иіп інгені, Көл-көсір нұрын төккенде;
Көнетоз тонын шешіп ну, Көйлегін жаңа еткенде;
Көнтақа тоңдар жіпсіген, Көшеттер баққа еккенде;
 Көсіліп жатқан жондарға, Көп диқан меруерт сепкенде;
Көлкісе нөсер моншағы, Көз жауын алған шөптерде;
Көк иісі жарар қолқаны, Көлеңдеп самал өпкенде!
Көшірі мамыр, маусымның, Көсемдеп сағым жеккенде;
Көк ала жылқы байланып, Көнектер сүтке бөккенде;
Көделі жайлау жарасар, Көгендер тартса көк белге.
Көшелер, кербез даңғылдар, – Көлденең керіп көк перде;
Көзәйнек киіп көз алдың, Көгілдір тартып кеткен бе?!
Көкірек тұнған сезімге, Көңілсіз жүрген жоқ пенде;
Көзайым болған ғашықтар, – Көксеген ойға жеткенде;
Көріктім, шығам алдыңнан, Көрімдігім бұл деп мен де.
Көпіріп айтты демеңдер, Көргенім осы көктемде;
Көркейіп бірге қалайын, Көгершін – көңіл көкке өрле!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу