Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  174


Автор: Тортай Сәдуақас

БУРАБАЙ БАУРАЙЫНДА

Армысың, ардагер жер, ардақты шың,
Сен сері – сымбаттысың, салмақтысың;
Рахатқа батырасың келген жанды,
Сіміртіп самал – саумал, шәрбат – шырын.
Сепкенде күннің көзі таңғы нұрын,
Суреті қандай керім сал қырыңның:
Жондарың құлпырады құндыздайын,
Желкілдеп қайың – бантик, тал – бұрымың.
 Көлбеңдеп көз алдымда қойтастарың,
Кеудеме түйдек-түйдек ой тастадың.
Бикештей Биші қайың ырғалады,
Шортанды шырқағандай той бастарын.
Жер бар ма маған сендей қымбаты асқан,
Сиқырлы сыр ұғамын Жұмбақтастан;
Оқжетпес жырау бабам сияқтанып,
Тұр, әне, ұрпағына жырлап дастан.
Манаурап жататұғын алып тыным,
Киең де, елге мәлім, алыптығың!
Уа, айым, нуға байым, Бурабайым,
Жәннәтім, жерұйығым, жарықтығым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу