Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  147


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖОЛАУШЫ ТОЛҒАНЫСЫ

Япырмау, неткен ғажап өңір едің,
Тапқандай саған келіп көңіл емін.
Тотыдай тоғай жапқан төңірегің,
Толайым дүниенің төрі ме едің?!
Жайнаған жарқын қандай жарасымың,
Жаһанның жамылғандай бар асылын.
Шалқиды шат көңілдің шарасы мың,
Қазақтың көріп сендей қарашығын.
Келісті көктемедей ніл түсіңменен,
Тартатын магниттік күшің де ерен.
Көргендей ғажайыпты түсімде мен,
Таң қалдым табиғатқа мүсіндеген.
Бұл қазақ сұлулықты көксегенде,
Қиырдан қонақ – турист, дос келерде,
Зерлеткен көру үшін көп шеберге,
Екен ғой Көкше – музей, Көкше – көрме!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу