Өлеңдер ✍️
ЖҮРЕГIМ ЕЛЕҢДЕЙДI…
1.
Түн...
қала...
Мұңды ән бiр...
Сезiмнiң бүрiн жарғандай.
Аспанның асты – тұнған жыр,
бұлғайды қолын армандай.
Бимәлiм, сырлы саз неткен,
жүректi келiп шымшырдай;
қаңқылдап алыс қаз, көктем,
қаңтар аспаны тыншырдай?!.
Қаз үнi...
қандай мұңды едi,
қонарға бұта жоқтайын;
жаңғырып таудың шың, көгi,
жабырқайтындай топ қайың.
Батырып ойға қаланы,
жүректiң төрi сазады;
талықсып ұзап барады
қоңыр күз бенен жаз әнi.
қарыды аяз жүзiмдi,
қаңтардың түнi тұнған жыр;
дiрiлдеп баяу үзiлдi
көшенi кезген мұңды ән бiр...
қаңтар, 1976 жыл.
2.
Күн күледi, Ай аунап,
аманында
Дала...
Аспан...
Тербеледi ояу бақ,
ой аулауға жарасқан.
Ендiгiм мен бойлығым
тағдырым боп тiл қатар;
ертеме-кеш ойлы күн
естi ұрпақты тыңдатар.
Жырла!
Жырла, дәптерiм,
ғадауатпен беттескен!
Бекер емес сәттерiм
жасын ойнап, от кешкен.
Жетпедi деп төрге үнiм
қалай ерте тынайын?!
Аспанға атыл, шер-мұңым!
Жырла!
Шалқы!
Күн, Айым!
Естiлмесе нетейiн
Үнiм бүгiн...
Өлмеспiн!
Сен ертеңге жет, Ойым,
кеудемдегi сел, көшкiн.
Тамырымда соқ, қаным –
ойларымның толғағы!
Жүректегi отты әнiм,
сен өлмесең болғаны...
қаңтар, 1976 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter