Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  123


Автор: Нұрлан Оразалин

Күю керек....

Күю керек,
өртенiп шын күйгесiн,
сүю керек,
ессiз құлап сүйгесiн…
Соқ, дауылым,
Көш! Өрлет!
Жау, жаңбырым,
нөсерлет!
Жүрегiме саз артқын,
аспанымды тазартқын.
Тамырымда билесiн,
бұзылмасын үйлесiм.
Жердiң бетi жасарсын,
Тәңiр нұрын құй, кешiм!
Күю керек – күйгесiн.
Сүю керек – сүйгесiн…
Қалқып сұлу қаздайын
ойым алға бет алсын,
жалындайын, маздайын,
оты жоқтар от алсын…
Арасынан от-судың
суарылып өтейiн,
тасқынынан көп шудың
ұзап алыс кетейiн…
Көзде тұнып қырау-бақ,
көктен жасыл жыр аунап,
құс ұшқанда кешiгiп,
қарашада тыраулап;
 
көкiрегiм безiлдеп,
бiр сұрапыл сезiм кеп,
қопарылып ойларым,
қаритындай көзiмдi от…
Құйылып үш тұлпардай,
түйiлiп үш сұңқардай…
Кел,Тағдырым, нұр болып,
Кел, Тағдырым, жыр болып,
күйге орансын маңайым,
өртенейiн, жанайын –
жүректерге тамайын…
Күю керек!
Өртенiп шын күйгесiн…
Сүю керек!
Ессiз құлап сүйгесiн…
қазан, 1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу