Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
18.03.2022
125
Көк сайдың аузы...
Көк сайдың аузы – көк шалғын,
қымыздық, жуа, бүлдiрген.
Жағалай сипап көк шалғы,
жусатып бәрiн бүлдiрген.
Шiлде едi… Ендi тамыз кеп,
тамылжып тағы батты күн,
қоңыр тауларым ән iздеп,
баса алмай жатыр аптығын.
Асылып көкке қарағай,
құлазып жатыр бар маңым.
Асығып қайда барады Ай,
барады қалқып арман-үн?!
Қанатын жайып, ағып түн,
құс жолын тiзiп, тынды аспан,
жалғыз-ақ, жалғыз шабыттың
соғады демi тынбастан…
Соғады жүрек….
Тұр үнсiз
сығалап көктен Ай қарап,
бал дәурен кездер тынымсыз
барады жонмен тайғанап.
Тайғанап қашып, қара әнi,
бала күндерiм – бал күнiм,
жұлмалап, тапап барады
орылған таудың шалғынын.
Омыраулаған күмiс үн
ауаға сiңдi, қыратқа,
шулатқан тауды, түн iшiн
күлкiсi қалды құлақта…
3 тамыз, 1979 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter