Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  105


Автор: Нұрлан Оразалин

Өшiп түндер…

Өшiп түндер…
Көкпенен көшiп түндер…
Келе жатыр
бет түзеп қайда Ағыс-Ар?
Апыр-ай!
Зарықтырып, сағынтып,
кешiктiңдер,
балақбаулы құстарым,
балақбаулы сезiмдi байлап ұшар.
Жайлап ұшар,
тау сағалап,
бөктерлеп,
сайлап ұшар,
қабағымен нұр аққан қырат-қырдың,
жанарымен ақ түннiң қаймақ ұшар…
Жайлап ұшар:
Алпыс екі тамырды бойлап ұшар,
Алпыс екі тамырмен қайнап ұшар,
қызыл-күрең кештер мен құла таңда
құлазытпай көңiлдi
сайрап ұшар.
Қайрап ұшар,
қасарысса –
ерен бiр желiк құрып,
ерiктi ұрып,
теңселтiп,
елiктiрiп,
 
базары басталмаған Бағыттармен
балақбаулы сезiмдi
серiк қылып…
Өшiп түндер…
Көкпенен көшiп түндер
келедi.
көк жасыл Алаңдарменен,
жарысып бағандарменен…
Өшiп түндер…
Көкпенен көшiп түндер…
Келедi.
Көзiнде –
көк теңбiл Жер,
көк Аспан,
қайран Ғалам…
Неге кешiктiңдер?!
Неге кешiктiңдер?!.
Балақбаулы құстарым,
орда бұзар отызда сайраңдаған?!
Тез жетiңдер!
Болыңдар!
Тездетiңдер!
Басып озбай тұрғанда
Өзге таң,
Өзге түндер…
Өзгертiңдер!
Жылдамдықты…
Жүрiстi…
Өзгертiңдер!
12 тамыз, 1978 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу