Өлеңдер ✍️
Асқар Сүлейменовке
Аунап-қунап, қар кешiп,
күресiнде,
былтырғы қыс…
Бала болып кеткенiң
тұр есiмде…
Түн едi дәл осындай. Аппақ алаң.
Аппақ ойдың жатталған сүресiнде…
Аппақ қардың бетiнде,
күресiнде.
Бiлесiң бе?..
Тамыз жәйлi
Мұқаңнан жыр оқыдық
таңғажайып көңiлдiң күнесiнде.
Түн есiмде,
сондағы жыр есiмде,
«ағалап» кеп жауған қар ақ алаңға,
Ақ бұрқасын…
Бәрi…
Бәрi…
Қаз қалпы тұр есiмде…
Мiне, тағы сол алаң,
баяғы алаң,
(ақша қары көңiлдi аялаған).
Ақпан емес…
Ендi тек аппақ тамыз…
Тамыз…
Тамыз…
Жасыл бұтақ қалқасын
саялаған.
Алаң…
Алаң…
Сол Алаң бүрленiп тұр,
қызыл-жасыл түске енiп,
түрленiп тұр.
Бiрақ…
Бiрақ…
Көңiлге ақпанды iздеп,
әлдеқайдан,
ақ ұлпа мұң келiп тұр,
алақұйын,
ақберен жыр келiп тұр,
тамыз жәйлi тамаша сыр ақтарған,
тамыз жәйлi тамаша жыр ақтарған,
Ақпанды iздеп…
Ағажан, жырақ қалған…
19 тамыз, 1978 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter