Өлеңдер ✍️
Оздырып мұңды...
Оздырып мұңды көркем,
тоздырып гүлдi көркем,
тоналтып сырды көркем,
жоғалтып жырды көркем,
бiз қалай сындық ерте,
бiз қалай тындық ерте?
Бiз айтар сөз бе едi бұл?
Бiз қайтар кез бе едi бұл?!
Жай оғы секiлденiп жарқылдаған
жаныңда бар едi ғой өзге дүбiр?!
Жырыма қуат болар,
жаныма шуақ болар,
арғымақ-асау көңiл арындаса,
дүбiрден сол өзгеше қуаттанар?!.
Бар едi бойыңда бiр,
бар едi ойыңда бiр
ғажайып үйлесiмiң,
тербетер
жүректердiң күй-бесiгiн…
Отырсың қалай, қайтiп домбырасыз,
перiсi той-томалақ,
би кешiнiң?!
Қайда қалған қағылез үйлесiмiң?!
Апыр-ай!
Сен осы өзiңбiсiң?
Өзiңбiсiң?
Ақ айдын…
Арман қуған кезiмбiсiң?
Қайда кеткен баяғы сезiм-құсың?!
Мен сенi түсiнбеймiн,
(жолыққан бейтаныс бiр кiсiңдеймiн).
Отырмын мұңға оранып
тұңғиық iшiнде ойдың…
Бiз қалай тындық ерте,
бiз қалай сындық ерте…
Түсiнбеймiн?!
Түсiнбеймiн?!
ақпан, 1978 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter