Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
18.03.2022
134
ЖЕРIК ТҮНДЕР
(импрессионистiк цикл)
«Боз ағаштан туған мен едiм,
бұлтқа жетпей шарт сынбан…»
Махамбет
***
Жанымда мазаланған бiр үн бардай,
ойларым ұйысып тұр бұрымдалмай.
Айқайлағым келедi өз-өзiмнен,
әлдекiмде
барымталап айдалған
жырым бардай…
Айтылмаған,
айтпаған сырым бардай,
үзе алмаған,
үзбеген гүлiм бардай,
шыңғырады
кеудемде – бұла көктем…
Көктем…
Көктем…
Бүрiн жармай –
тарқатылған ойларым бұрымдалмай.
Бытысады
таңдарым – кештерiммен,
тауларым –
жон-қырқа, төстерiммен,
Алыстар – Алыстармен,
Ағыстар – Ағыстармен
алысады,
жұлысады,
ауысады,
қайтадан қауышады,
кезбе-көңiл төрiнде –
көште өрiлген.
Жұлынымды
жұлқырдай бiр үн келiп,
бiрде айбатты
алапат гүрiл болып,
бiрде нәзiк
тылсым – ән дiрiл болып…
Шыңғырады
жер үстi шындықтары
жүрегiмде
жазбаған жырым болып…
1 тамыз, 1978 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter