Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  150


Автор: Нұрлан Оразалин

САРЫАЛА ҚҰСТАР

(элегия)
Көңiлден бұлбұл ұшқандай,
таусылып дәрмен, күш қалмай,
қарадым ұзақ телмiрiп,
бет алған жылы тұстарға,
әуелеп ұшқан құстарға…
Тас-талқан көңiл…
Көнгiсiз…
Сары ала күз кеп,
тұмшалап жатыр жердi сыз.
Ақпанын iздеп бара ма?!
Бақтарын iздеп бара ма?!.
Белгiсiз…
Сары ала құстар жүзiп қырменен,
сап түзеп көкте қызыл iңiрменен,
сабылып ұшып барады,
санамды менiң үзiп, үрлеген.
Сенiмiмменен,
желiгiмменен,
жүрек жұлқыған елiк-үнменен…
«Отыз бiр жасың
он сегiз емес» деп,
«ессiздеу сезiм – елес» деп,
ақын Нұрланға
өзге бiр Нұрлан кеп
басу айтады
төнiп iргеден.
 
Кетiп барады сары ала құстарым,
өтiп барады сары ала шабытым
желiп iргеден…
Апыр-ай!..
Тұра тұрыңдаршы!
Алыстап кетпей шалғайға,
запыран болып
қалмасын сөзiм таңдайда…
(Өмiрге ғашық, ессiз жүректер
өртенiп мәңгi
жанбайтын ба едi?! Жанбай ма?!.)
Сары ала күзiм!
Сары ала құстар!
Сабыр етiңдершi,
қала көрмесiн
сары ала сезiм таңдайда…
30 тамыз, 1978 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу