Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  214


Автор: Нұрлан Оразалин

ӘЖЕМНIҢ ҮНI

Жолдарға қарап жыладым,
жондарға қарап жыладым,
алқара көкке қол жайып,
амандық қана сұрадым,
сұрадым, ұқсаң, құлыным,
жүйкем мен талып жұлыным.
 
Аспанның мынау астына
салғанда соғыс құрығын.
Еңбекпен жуып қайғымды,
сұрадым бейбiт Ай, Күндi,
аядай ауыл дұшпанға
көрсеткен кезде айбынды.
Кеш батса таңым атпайтын,
таң атса кешiм батпайтын,
жалғыз-ақ сол бiр тiлектi,
жабығып жаным жаттайтын.
Тере де жүрiп масақты,
көзiмнен тарам жас ақты,
жас ақты, бiрақ көнбедiм,
тағдырға ерiк бермедiм.
Көкөзек… Желдiң өтiнде,
демiккен жердiң бетiнде,
өсiрдiк арнап жаңа дән
жесiрлер менен жетiмге…
Суытпай тiрлiк-тұрағын,
сөндiрмей түтiн-шырағын,
жалғадық бiлсең осылай,
Өмiрдi мына,
Шырағым.
Сенбесең – таудан сұрағын,
жап-жасыл баудан сұрағын,
жауыннан жауған сұрағын,
жеңiспен қайтқан әкеңнен,
жеңiлген жаудан сұрағын.
Жолдардан сұра,
жондардан сұра гүл атқан,
жылғадан сұра,
бұлақтан,
 
өттi ғой, кеттi ол сойқан,
әжеңдi талай күрсiнтiп,
әжеңдi талай жылатқан…
әлемдi неше күрсiнтiп,
әлемдi неше жылатқан…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу