Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  148


Автор: Нұрлан Оразалин

Қайран да қайран!

«Махамбеттен қалып қойған бір тамшы,
Мен бейбақ
Хафиз болып тусамшы...»
Олжас Сүлейменов



(Әбіш Кекілбайдың аудармасы)
Қайран да қайран!
Қайран да менің өлеңім,
атылатын жебе едің!
Қысылғанда демедің,
қиналғанда жебедің...
Жылдарымды жылатқан,
жасығымды жұбатқан
Арманыма сеп едің...
Өтті күндер гүл атып,
құламасты құлатып,
жыламасты жылатып,
боз ат сынды бір дәурен
барады өтіп Уақыт.
Құшағында көп ойдың
бірде жүдеп, көбейдім,
озған, қалған кезім бар
айта алмаған сөзім бар;
кермек тартып кейде тіл,
кейде болды сөзім бал.
Кең дүние – боз елес,
кейде сөзім сөз емес;
 
өзіме-өзім үңілдім,
өз сөзімнен түңілдім,
түңілдім де бүгілдім,
бүгілдім де үгілдім...
Ой құндақтап, бөлеп үн,
теңелместі теңедім,
Батыс пенен Шығысты
келіп еді елегім...
Кең дүние көлемін
сусындатып жырменен,
сілкіндірсем деп едім...
Отыз дейтін жасымда,
Ой көбейіп басымда
тірлік қамы шаршатып,
арса-арса боп келемін.
Қайран да қайран серігім –
кешір мені, Өлеңім!
Бодан болды көп ойым,
кімге шерді төгейін?
Кімді жер қып сөгейін?
Пір дегенім – пір емес,
Жыр дегенім – жыр емес,
бірі – шындық, бірі – елес,
ірілерім ірі емес,
тірілерім – тірі емес,
ойым – ғаріп, көк тұман,
салқын тартты отты қан,
екі жастың бірі емес,
қурап ойдың дарағы,
өмір өтіп барады...
жүрегімде – өгей үн,
кімге шерді төгейін.
Тізе қағып шөктірген,
Уақытқа не дейін?!
Шыным осы – көргенім,
алғаным мен бергенім;
ала жіпті аттамай,
ақиқатты тербедім.
Ойдан жүрек жаншылар,
жаңылған тұс бар шығар.
Тілден бір күн зар шығар,
Тілден бір күн бал шығар...
Айта алдың ба?
Жеңілдеп...
Ойың...
Бойың аршылар...
Бір күн – көлде, шөлдемін,
бір күн – ерде, елдемін;
ат үстінде келемін,
Шоқан шыққан белдемін.
Тербе, шаттық!
Тербе, мұң!
Жыр тумаса – өлгенім...
Өлең – мәңгі серігім,
Сөзім – ауыр, шер – демім...
Мені тастай көрмегін!
маусым, 1977 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу