Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  124


Автор: Нұрлан Оразалин

Сантьяго алаңындағы ән *

Жетi қат көк…
Жерiк үн…
Жетi шегiм – серiгiм,
арқа тұтар биiгiм,
арман-мұңым,
күйiгiм.
Жетi шегiм…
Жетi шегiм…
Жетi ағайын –
бауырым,
өзен,
көлiм,
жауыным,
аспан,
мұхит,
дауылым,
жұдырықтай жүрегiм,
жұмыр жерiм – тiрегiм,
жалын құшып,
жанарымда от құшып,
Чили!..
Чили!..
Өртенген жер…
Қираған үй…

 
Батырларым,
боздақтарым оққа ұшып,
жатыр бүгiн
Сантьяго…
Ән шалқытқан,
ажал құсып, от құсып.
Жатыр бүгiн,
еркiндiгiм бұғауда,
көрер көз жоқ,
естiр құлақ,
тiлiм де жоқ – сұрауға,
Жетi шегiм!..
Көмейiңдi ағытшы,
Ағытшы бiр!
Қарындасым зар илеп,
Махаббатым жылауда.
Чили!
Чили – жүрегiм!
Чакабуко шөлiнде,
Чакабуко түрмесiнде – бұғауда…
Мына алапат Қайғыны,
Қасiреттi
сезiн де,
Жетi қат көк үнiнде,
Жетi құрлық тiлiнде,
беу, Гитара!
Жетi шегiм!
Безiлдешi!..
Безiлде!..
наурыз, 1977 жыл.


* Виктор Хара өзі өлімші болып сабалып, гитарасын қиратқанша
әнін доғармаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу