Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
18.03.2022
146
БЕЙТАНЫС ҮНДЕР
«Ах, какой бледный город на Заре!
Черный человечек плачет на дворе...»
Александр Блок
***
Ит-құсқа түнде жем болар,
намыстан жұрдай деп пе еңдер,
жалғыздық көрсем – дем болар,
кеттiңдер қайда, көктемдер?!.
Шалғайы – шалқар,
аспаны
жұлдыз боп жауып өрiлер,
ақындар – жиырма жастағы,
кеттiңдер қайда серiлер,
кеттiңдер қайда, перiлер?!
Жол қысқа…
Әлде алыс па?
Бағытта – бағдар көп менде.
Сендерсiз – өлең-таныс бақ,
бейтаныс болып кеткендей…
Өзiммен-өзiм алыстым,
өгейлеу, өзге мұң кешiп,
өгейлеу әнмен таныстым,
өзге бiр тiлде тiлдесiп.
Шалғайы – шалқар,
аспаны
жұлдызды түн боп өрiлер,
ақындар жиырма жастағы,
жүрсiңдер қайда, серiлер,
жүрсiңдер қайда, перiлер?
19 желтоқсан, 1976 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter