Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  95


Автор: Абдрахман Асылбек

Өтірікші

Алыс жерден жолаушылап оралған
Дворянин (мүмкін, князь болар да),
Танысымен келе жатып жаяулап,
Барған жері туралы айтып мақтанды,
Өтірікті есебі жоқ ақтарды:
Ал, мен көрген заттарды
Көру жоқ-ау таяуда.
Бұл жеріңді тұрмын тіпті ұнатпай:
Бірде ыстық, бір салқын,
Күн де солай – бір қараңғы, бір жарқын,
Ал, ол өлке жұмақтай!
Есіңе алсаң, көңіл дәйім орнында,
Керегі жоқ оттықтың да, тонның да.
Ғасыр бойы онда түнді білмейсің,
Жыл бойына мамыражай күн дейсің.
Онда ешкім де егін егіп-сеппейді,
Көрсең шіркін, онда бәрі көктейді!
Мысалы, мен көрдім Рим қиярын,
Жетпес сірә қиялың!
Ұмыта алман осындай бір аужайды,
Сенемісің, үлкендігі таудай-ды».
«Неткен ғажап!» – деп танысы тіл қатты, –
Кереметтер көп-ау, сірә, өмірде.
Бірақ, оны байқай берген кім нақты?
Бірін қазір аңғарасың өзің де,
Әрине, сен көрген жоқсың бұл затты,
Бәс тіккім бар менің де.
Ана тұрған байқадың ба көпірді?
Болғанымен қарапайым секілді,
Сиқырлы оның сыры бар,
Өтірікші өте алмайды, біліп ал.
Жартысына әрең шыдайды,
Сонсын суға құлайды.
Шындықты айтса шырайлы,
Өте шығар жүрсе-дағы күймемен».
«Қандай еді бұл өзен?»
«Ірі өзен.
Көп қой, достым, кереметтер білмеген.
Мақтадың-ау сен римдік қиярды,
Асқар таудай дедің бе оны мұнарлы?»
«Таудай емес, үлкен үйдей шығар бір».
«Онша сенбей тұрмын-ау,
Қазіргі айтқан сөзіңе де, құрбым-ау,
Көпір ғажап қиярыңнан ірі әлгі,
Көтермейді суайттарды бұл нағыз;
Тап биылғы көктемде
Құлап түскен тігінші, қос журналист,
(Барлық қала біледі) дәл үстінен өткенде.
Керемет қой тартқан әділ жазаны».
«Жоқ, басқаша ғажабы,
Әрбір затты өз орнымен білген жөн,
Барлық жердің құрылысы бірдей ме?
Ал, ондағы үйлерге
Екі кісі кіргенде,
Тарлық етер мүлдем ол!»
«Солай делік, шындық керек, бірақ та,
Қиярды ондай кім көрген,
Екі кісі сиятындай ірі-ақ па?
Әйткенімен, біздің көпір қандай-ды?
Бес қадам да суайт аттай алмайды,
Бірден суға құлайды,
Сол римдік қиярың болғанымен керемет».
Деді суайт сол кезде: «Бізге көпір не керек?
Іздейік те өткелді бір ыңғайлы».


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу