Өлеңдер ✍️
Түлкі мен суыр
«Неге сонша жан ұшырдың, қарағым?» –
Деп сұрады Суырың.
Деді Түлкі: «Құрыдым!
Қашып барам құрбаны боп жаланың.
Білесің ғой, Тауықтарға сот болды,
Содан маза, денсаулық та жоқ болды.
Тойып ішпей тамақты,
Ұйқысыз көп таң атты:
Сол үшін де мені қулар қаматты.
Ойлап көрші, жалған оның бәрі де,
Жалған сөзге құлақ салу әділ ме?
Пара алам ба? Мүмкін емес ол мүлде,
Айта қойшы, қылмысымды көрдің бе?
Жіті ойлап, есіңе алшы анығын,
Жайым бар ма қылмысқа бір дөп келген?»
«Құдағи-ау, тұмсығыңнан көп көргем
Тауықтардың мамығын».
* * *
Кейбіреулер күрсінумен жүреді,
Кедейленген, жоқ секілді тірегі.
Тіпті, оны бүткіл қала біледі,
Көрінгенмен онша емес күтімі,
Жұбайы да жұпыны;
Қарап көрсең шамалы,
Жер де сатып, үй де салып алады.
Қанша қылмыс жасағанмен ол күнде,
Есептеліп жатпайды ғой бәрі оның.
Сотың-дағы айта алмайды дәлелін:
Тұмсығыңнан Тауық жүнін көрдім деп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter