Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  124


Автор: Абдрахман Асылбек

Аңдардың апаты

Бір алапат апат қысып аңдарды,
Ормандарды қаптады үн қамыққан:
Айқара есік ашылғандай тамұққа,
Өлім кезді тау мен дала, аңғарды.
Мына қырғын барлық жерді еңсеріп,
Жатты баудай түсіріп.
Тірілері өлетінін түсініп,
Шалажансар әрең жүрді теңселіп,
Бәрін үрей биледі,
Монахтардай момақан бір күйдегі,
Қойға Қасқыр тимеді,
Тауықтарды шулатпады Түлкі де,
Естен шықты мүлде азық.
Кептерлер де бөлек ұшты жұп жазып,
Махаббатын ұмыт қылып бір нәзік:
Махаббатсыз сауық құру мүмкін бе?
Шақырды бар қайғылы аңды Арыстан,
Әрең жүріп, сүйретіліп келді олар.
Не дейді деп мына Патша данышпан,
Көзін тігіп, құлақ түрді енді олар.
«Достар, – деді ол, – көп болған соң күнәміз,
Қарғысына Құдайдың ұшырадық мына біз.
Кімде-кімнің артық болса айыбы,
Өз еркімен, лайығы,
Құрбандыққа шалынып,
Мүмкін, солай көрерміз Жаратқанға жалынып.
Біздер солай кіре білсек сенімге,
Тым қаталдық қылған ба?
Достарына қатер төніп тұрғанда,
Нағыз ерлер бара білген құрбанға,
Мұндай мысал тарихта аз ба тегінде?
Мойын ұсынып сонымен,
Осы жерде әркім өзі жөнімен,
Көп алдында күнәларын бүкпестен,
Айтып шықса болғаны.
Мойындаймын еш рақым күтпестен,
Айыбымды мен-дағы:
Кінәсі жоқ Қойларды көп жеп едім,
Жазығың не демедім.
Кей кездері күнәдан тыс қалған кім? –
Қойшыны да жарғанмын:
Кессеңіздер, міне, басым июлі.
Қазір біздер ақтарылсақ барынша,
Күнәсі көп есепке тез алынса,
Құрбандыққа алдымен сол шалынса,
Құдайға сол болар еді-ау тиімді».
«Қайырымды Патшамыз! Мейірің мол екен де, –
Деді Түлкі, – күнәні мойындайсыз бекерге.
Сізді осылай тыңдай берсек, сенсеңіз,
Көп кешікпей аштан өліп қаламыз,
Оның үстіне, данамыз!
Бұл үлеске Қой дұрыс деп санаңыз,
Және оларды жеуге рұқсат берсеңіз.
Ал, Қойшыға тіпті мойын бұрмаңыз,
Өздеріне лайық іс бұл нағыз.
Құйрықсыз сол оңбаған тәкаппарси қарайды,
Біздерге өзін үнемі Патшамын деп санайды».
Түлкі бітті, басқалар да осылай,
Арыстанға жылмаң қағып жосыды-ай.
Бәріне тез әсер етіп осы жай,
Дәлелдемек Патшасының ақтығын.
Аю, Барыс, Қасқыр-дағы өзінше,
Барлығының көзінше
Айтып шықты құрбандыққа шақтығын.
Құдайсыздар екенін ел мол ұқты,
Алай-дағы тиісуге қорықты.
Сезінгендер өзін мықты, сенімді
Тырнағымен, тісімен де күшімен,
Шығып жатты ішінен,
Ақ қана емес, шын әулие, боп үлгі.
Момын Өгіз былай деді: «Менде де
Айып болған бес жыл бұрын ертеде.
Басқа ауыр туып күн,
Күнәнің сәл басқан едім бір шетін.
Аштық қысып, кеткен кезде суып күн,
Поптың шөбін жеген едім бір шөкім».
Сол сөзден соң шулап табан астында,
Айқайлады Аю, Барыс, Қасқыр да:
«Қара, қандай оңбаған!
Рұқсатсыз өзгенің шөбін жейтін кім еді?
Құдай болса сол үшін бізге кәрін тігеді.
Мүйізі бар басында, ақылы жоқ ол надан.
Қылмасы үшін жасаған құрбандыққа шалайық,
Мұндай дерттен жұқпалы тәнді сақтап қалайық,
Күнәсінен осының аңдар өліп сорлаған!»
Іс шешілді –
Өгіздің басы кесілді.
Елдің сөзі байыпты:
* * *
Кім момын – сол айыпты.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу