Өлеңдер ✍️
Көктікен гүл
Өсіп тұрған Көктікен гүл құлпырып,
Жарым-жарты солып қалды кенеттен.
Сабағынан салбырап та қылқынып,
Өлетұғын сәтті күтті со беттен.
Самалға ол мұңын шағып қамықты:
«Күн туар ма табатұғын бақытты?
Шіркін-ай, Күн нұрын төксе алаңға,
Бір пайдасы тиер ме еді маған да?»
Боқ илеген Қоңыз сонда тіл қатты:
«Достым, онша емессің-ау сымбатты,
Күннің сенен өзге ісі жоқ па еді?
Шешек атып толдың ба?
Әлде семіп, солдың ба?
Сенгін маған, оған уақыты жоқ тегі
Бөлетін.
Мен секілді болсаң қанат керетін,
Самғай ұшып, көрер едің көкті де,
Айдын шалқар небір көлді, шөпті де.
Күн өзінің нұрымен
Қыздырады үйеңкі мен жөкені.
Кең даланың жұпар шашқан гүлін ол
Таң-тамаша етеді.
Бірақ, бірақ, сені емес,
Сен олардың теңі емес:
Таласуың жөн емес,
Ол гүлдерді мезгіл өзі жинайды.
Мына сасық түріңмен,
Мазалама қыңқыл-сыңқыл үніңмен,
Ал, Күн саған қылаңын да қимайды.
Әуреленбе, алсаң егер тілімді,
Өшір мүлдем үніңді!»
Алайда, Күн шықты-дағы артынша,
Гүл әлемін сәулесімен жайнатты.
Қайта гүлдеп, Көктікен де жай тапты,
Бұрынғы шат қалпынша.
* * *
Бұл өмірде кімдерге қол соғады
О, мәртебе жоғары!
Мен жырлаған Күннен үлгі алыңдар,
Көз салыңдар:
Түскен жерін жылуымен бөлейді,
Қылтанақсың, қарағайсың демейді.
Ортақ сәуле, ортақ шапақ, таң нұры;
Әр жүректе өндір жайнап жанады,
Әр жүректе мөлдір болып қалады,
Риза оған барлығы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter