Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  173


Автор: Абдрахман Асылбек

Өткінші өмір

Бұл өмірдің қызығын
Көруіндей көрерсің.
Жайқалып бақ жүзімің,
Өнуіндей өнерсің.
Жарқыраған жүзі күн
Сұлуларды көрерсің.
Жүзіктердің жүзігін
Таңдап алып берерсің.
Алып ұшып, аялап,
Аруларға ерерсің.
Саясында сая бақ
Өбектерсің, өберсің.
Алтын кірпік, ай қабақ
Дидарына төнерсің.
Ай астында аймалап,
Құшағына енерсің.
Сол бір сәтте өзіңді
Балбөбекке теңерсің.
Тарс жұмып ап көзіңді,
Тәтті ұйқыға бөлерсің.
Көзді таңда ашқанда,
Басқа өмірлі көрерсің.
Жалындаған жас жанға
Басқа баға берерсің.
Бар қызықтың бағасын
Байлығыңа теңерсің.
Ақыл-ойдың сағасын
Бал сезіммен бөгерсің.
Қабат-қабат үй салып,
Байлығыңды төгерсің.
Кернейлетіп, күй шалып,
Керемет той берерсің.
Мақтар достар баптанып,
Асыл сөздер төгер шын.
Сонда шалқып-шаттанып,
Кеудеңді кең керерсің.
Ал, еліңе бергенің
Дөп пе десе, не дерсің?
Білгенің мен көргенің
Көп пе десе, не дерсің?
Атылсаң да аспанға,
Жерге қайта төнерсің.
Қанша асып-тассаң да,
Бір күндері шөгерсің.
Қалтыраған күз де кеп,
Сарғыш тартып, семерсің.
Көп болғанда, жүзге кеп,
Демің бітіп, өлерсің.
Қараң қалып жиғаның,
Бірге өзіңмен көмерсің.
Болса бойда иманың,
Жұмағыңа енерсің.
Етсең күпір жалған деп,
Біржолата сөнерсің.
Өтсең шүкір Алла деп,
Қайта көктеп, өнерсің.
Өмір деген өткінші,
Келер ұрпақ – келер шың.
Самғай ұшып жетсінші
Көңіл шіркін көгершін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу