Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  177


Автор: Нұрлан Оразалин

АЛҒАШҚЫ ҚАР

Жоғалған
үмiттерiмдi жалғадым,
өзiмдi-өзiм
жас баладай-ақ алдадым.
Ақша қар!
Алақан саған жайдым да,
қиялда жүрген
қия белдерге самғадым…
Елес пе?
Түс пе?
Жалған ба?
Көзiмнiң алды:
Көк мұнар түн бе, арман ба?!
Әйтеуiр, мынау
қыз-әлем
сиқырлы, сылқым
бiр ғажап әнге салғандай,
жiгiт-жырларымды
көгендеп мүлде алғандай…
Сорымнан ба әлде бағымнан,
алай да дүлей ағылды ән?!
Арбаушым ба әлде,
алдаушым ба әлде, бiлмедiм,
қашаннан мынау
қыз-әлем менi сағынған?
Сағынған ерен сезiммен?
Ұшырып бұлбұл көзiмнен?!.
 
Өте де шықты, жалт еттi,
ұстатпай кеттi,
тiстедiм бармақ, «Аһ» ұрдым,
аспанның
ақпан ашуын шақырдым.
Ақша қар!
Алақан саған жайдым да,
кеудемнен
ақ түтек боран сапырдым.
Ерiп те кеттiң ернiмде –
қиялап қашып,
қыр асып кеткен күлiктей,
жүректi жұлқып,
иықты сiлкiп,
тас-талқан болған үмiттей…
желтоқсан, 1974 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу