Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
17.03.2022
108
Үзiлмеу үшiн жалғандым...
Өрiк гүлдеген көктемде,
құлпырып таулар кеткенде...
Өзiң жоқ, досым, өзгердiм,
өзгерттi менi көп пенде.
Елестеп бөктер, тасжарған,
қол созды күндер асқардан.
Өзiң жоқ, досым, өртендiм,
өртедi бойды басқа арман...
Ол кезде бiздер өзге едiк,
тау кезген серi, кезбе едiк;
алаңсыз, адал шақтар-ай,
болмайтын едi сөзде дық.
Аспаннан жұлдыз, Ай тамған,
түндер жоқ сол бiр шайқалған.
Сезiм де, ой да өзгердi.
Өзгердi неге?..
Айта алман.
Жауын да қалың, жер отты,
түлеттi қайың, теректi.
Өзгердiк бiздер, әттең-ай!..
Өзгермеуiмiз керек-тi...
Шетен гүлдеген көктемде,
сен менен шеттеп кеткенде;
өзгердi өмiр, амал жоқ,
өзгерттi, бiздi көп пенде...
сәуiр, 1972 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter