Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  164


Автор: Нұрлан Оразалин

Тыңдашы менi...

Тыңдашы менi, тыңда сен,
өртенген болсаң – жырды аңсап;
көктем бе едi нұрлы, әсем,
күлкiңдi сыйлап тұрған шақ,
әсем бiр ғажап жырды аңсап!?
Көктем бе едi жаңбырлы,
көгiлдiр шәлi жамылған;
аралап ұшып сан қырды,
аққу құстарың ағылған,
аққу құстарың сабылған?!
Алаңсыз әлде шулы арман,
арбаған сенi кез бе едi,
бұлбұлың сайрап нулардан,
сырлы шақтарың көздегi
алдаған сенi кез бе едi?!
Көктем бе едi оятқан
онсегiз жасар күлкiңдi;
ақ армандары мол ақ таң,
жыл құсы келген бiр күнгi,
оятқан сенiң күлкiңдi.
Ғашық па ең әлде жырға сен,
ғашық па ең көктем желiне?!.
Күлкiңдi сол бiр нұрлы әсем,
«сыйладым саған» дедiң бе?!.
Көктемге ғашық едiң бе?!.
мамыр, 1970 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу