Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  105


Автор: Нұрлан Оразалин

Ризабекке

Сендер әжемдi ұмыттыңдар ма,
ұрсатын бiзге құртты ұрларда.
Ойнасақ кеште «қоңыр қозыларым», деп
шақыратын ылғи шығып қырларға.
Қоңыр iңiрде, қоңыр кештерде,
қоңыр таулармен бұлт көшкенде,
қоңыр бешпеттi менiң әжемдей,
қоңыр аспаннан жарық өшкенде...
Сендер әжемдi ұмыттыңдар ма,
бал күндi қалаған сынық шыңдарда;
қозы бiткендi көгендеп өскен,
қоңыр қозылар, шығып қырларға?!
Ұршықтай мынау айналып аспан,
ұлтарақ белдi айналып асқан,
ұмытпас, сiрә, әжемдi менiң
бал дәурен күндер жайлауы – дастан?!
Сендер әжемдi ұмыттыңдар ма,
ұрсатын бiзге құртты ұрларда?
Кешiксек, кеште «қоңыр қозыларым» деп,
iздейтiн ылғи шығып қырларға...
Сендер әжемдi ұмыттыңдар ма?!
желтоқсан, 1969 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу