Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  111


Автор: Нұрлан Оразалин

Смағұлға


Аспан жалғыз...
Ай жалғыз...
Көше жалғыз...
Қоңыр желi мизамның еседi кеп;
қараяды ойларым,
жол да жалғыз,
жабағы бұлт көкпенен көшедi кеп,
Ол да – жалғыз.
Жалғыз!..
Жалғыз!..
Жалғыздықтан жабыққан кезi ме екен,
жабырқаған
жанымның көзi ме екен?!
Жаңғырады бiр дауыс көктен алыс,
Ойы – бөтен,
жүректiң...
Сөзi – бөтен.
Құдiрет ең,
неғылған сезiм от ең?!
Құлақ түрдiм:
Құбылған – сезiм екен;
ол да – жалғыз,
қарайған – өзiм екем,
ол да – жалғыз,
менiң сенi
сағынған кезiм екен –
жолда жалғыз.
Аспан жалғыз...
Ай жалғыз...
Қала жалғыз...
Ой төрiнде – көк өзен,
Дала...
Жалбыз...
Жүндей түтiп жүректi,
ұлыйды кеп,
жапырағын орманның
талаған күз...
Сана – жалғыз...
Қала – жалғыз...
қыркүйек, 1971 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу