Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
17.03.2022
114
Жапырақ-ой....
Жапырақ-ой, қайда қашып барасың?
Сабыр!
Сабыр!
Бiр бұрылып қарашы.
Қалай ғана жақын едi, апыр-ай,
көктем менен қыркүйектiң арасы.
Көкек...
Мамыр...
Шiлде...
Тамыз кеше едi.
Ендi мiне, күздiң желi еседi.
Қазан ұрып, қаңырап тұр қоңыр бақ,
сүреңсiздiк басқандайын көшенi.
Мұң оранған кеудем менiң көшедi,
/қуанғаным, күлгенiм де кеше едi/.
Жарсыз...
Доссыз...
Мына Алматы үрейлi,
таныстар аз – сақалындай көсенiң.
Жалғыз келем... Жанды қайтып тербейiн?
Өзiң жоқсың. Көңiл – жетiм, шер – бойым.
«Жаным» деген бiр үн шiркiн жетпей тұр.
Түн қараңғы... Жатақхана көрдейiн.
Кеше ғана тәрiздi едi құсым – ән.
Кiм тiстедi жүрегiмнiң ұшынан?
Жапырақ-ой!
Сәл аялдап, бұрылшы,
жастық шақтың өтiп барам тұсынан...
қазан, 1970 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter