Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
17.03.2022
104
Қоштасар бiзге....
Қоштасар бiзге кез келдi,
күтуде, қара, жол алдан.
Жүрегiм, ойым өзгердi,
жандай ем кеше тоналған.
Шайқалды көлде қайығым,
көзiмнiң алды – көк тұман.
Артықтау айттым – айыбым,
алдыңда бiрақ жоқ кiнәм.
Жасын ұрғандай төбемнен,
ауырлау тидi сын арға;
көрмейiн деген жоқ ем мен,
көмiлiп қалдым мұнарға...
Бәрiне мұнар кiнәлi,
әкетем оны өзiммен.
Адасқан құстай сыңары
қоштасам ессiз кезiммен.
Тағдырдың жыртып парағын,
арқалап арман қиырға,
алысқа кетiп барамын,
айыпқа менi бұйырма!..
Қоштасар бiзге кез келдi,
күтуде, әне, жол алдан.
Жүрегiм, миым өзгердi,
қалды алыс күндер тоналған...
қазан, 1970 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter