Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  108


Автор: Нұрлан Оразалин

Әдiлбекке

Жүр, кеттiк бiрге түзге кең,
сағынсын, досым, ел бiздi,
көктемдер өлең iздеген,
сағынсын бiздi жел күзгi!
Қалқып бiр ұшып кетелiк,
қанатты жайып алысқа,
жүрекпен жалын от өрiп,
тiл қатып түнгi ғарышқа.
Сарыала бақтар...
Алаңдар...
Тамылжып тұрған кештерде.
Алыс аралдар...
Гавандар...
Жұлдыздар жанып өшкенде,
сарыала құмдар көшкенде.
Салқиып жатқан шөлдердi
арғымақ тұяқ ұрғылап,
сапырып айна көлдердi,
толтырған шақта нұр-бұлақ;
дүние шешiп жейдесiн,
ұлы теңiздерге лақтырып,
жанартауларым сөйлесiн,
атыла жаздап шақ тұрып!
Шаң тiлiп байтақ жотаны,
тамызда жолдар өрiлсiн,
 
сағыныштардың от-әнi
қол бұлғап қырдан көрiнсiн;
қоңыр үйлердiң түтiнi,
ғимараттар да биiк тым,
дөңгелек жердiң бiтiмi,
дөңгелей берсiн сүйiп күн!..
Жүр кеттiк бiрге түзге кең,
сағынсын, досым, ел бiздi!
Көктемдер өлең iздеген,
сағынсын бiздi жел күзгi!..
қазан, 1969 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу