Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  147


Автор: Нұрлан Оразалин

Мен бақытын қызғанбаймын....

Мен бақытын қызғанбаймын басқаның,
өсектерге сенбе Сен!
Жаңыларсың...
Жүрегiмде – басқа мұң,
сезiнбессiң, кезiп iшiн көрмесең.
Ұға алмассың, кеудемде бiр таң барын,
самал барын, қыз-көктем;
менi iздеген мына өмiрде жан барын,
арманымды адастырып, iздеткен.
Бiр аққайың...
Алдарқатып қыз кеткен,
көктем қайта оралғандай күлiмдеп;
бiр сергек ой күзгi өктем
жүрегiмдi жатыр үнсiз тiлiмдеп.
Жасыра алман.
Талай қызық кез кешкем.
Ғашық болу – ән басы.
Ей, Перiштем!
Махаббат боп кездескен,
арманымды арманыңа жалғашы.
Мен бақытын қызғанбаймын басқаның,
илана көр сөзiме!
 
Өлеңiм мен Өмiрiмнiң аспанын
аманат қып тапсырайын өзiңе.
Сезiншi тек
кеудемде бiр таң барын,
самал барын, қыз-көктем;
мен iздеген осы өмiрде жан барын
өзiңдей бiр адастырып iздеткен...
қыркүйек, 1968 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу