Өлеңдер ✍️

  16.03.2022
  217


Автор: Абдрахман Асылбек

Бұл дүние

Бұл дүние түзіледі мұнардан,
Мұнар деген бұлдыраған мың арман.
Ере келе, көре-көре аңдайсың,
Алдауменен, арбауменен құрылған.
Адамдарға сенуін-ақ сенесің,
Адалдықты кепілдікке кім алған?
Бір үмтің құшақ жайып тұрады,
Арайланып атқан таңдай кіл алдан.
Құшақ жайып алға қарай ұмтылсаң,
Тосыласың тосын келген тұманнан.
Тағы-тағы желпіндіре жетелеп,
Алға қарай тарта берер бір арман.
Қысқа ғұмыр қызығына алданып,
Бас айналар бір сәттілік құмардан.
Балаң менен қызың сені алдаса,
Қаның қайнап, кеудеңдегі шығар жан.
Алдар болса қасыңдағы қатының,
Сен-дағы бір бәйтерексің қуарған.
Әне, міне күнді күтіп құларман,
Саған қарап томсырая тұрар маң,
Жеткізбейді, жеткізбейді-ау ұлы арман.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу