Өлеңдер ✍️

  16.03.2022
  157


Автор: Абдрахман Асылбек

Ақын – елдің еркесі

Ақын – елдің еркесі,
Ақын – төлдің серкесі.
Қайда барса, ақынды
Қарсы алады өлкесі.
Ақындарды кемсітіп,
Бейшара жан көрмеші.
Қанша мықты болсаң да,
Салқын сәлем бермеші.
Ақындардың көңілі –
Домбыраның пернесі.
Баса білсең дәл тауып,
Айқындалар зердесі.
Кім бар екен өмірде
Ақындардың теңдесі?
Керек емес ақынға
Дүние-мүлік, теңгесі.
Өле қалсаң, бәрі де
Бос қалады ертесі.
Ақындардың көңілі –
Домбыраның пернесі.
Баса білсең дәл тауып,
Айтар ойы көл-көсір.
Ардақтаған ақынын
Алға тартқан ел көші.
Ақындардың қашанда
Кең көсілген көрпесі.
Ақындарды өлсе де,
Аялаған жер төсі.
Бәрін айт та, бірін айт.
Ақын – Алла пендесі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу