Өлеңдер ✍️

  16.03.2022
  154


Автор: Абдрахман Асылбек

Ауырады жүрек

Ауырады жүрек болған соң жүрек,
Кеудеге келіп қонған соң жүрек.
Ақылды қанша болса да адам,
Жүрексіз қалса, соншама надан.
Басында миы жатса да лаулап,
Жүрегі өзін патшаға балап,
Жоғары ұстап білгенін дара,
Аялап құшпақ сүйгенін ғана.
Сол үшін жанып, сол үшін жүдеп,
Жиілей түсер соғысы үдеп.
Жаралған пенде болса егер ақын,
Жүрегі оған соншама жақын.
Өлеңнің әрбір тармағы үшін,
Дірілдеп жүрек, салады күшін.
Ұйқыға, тіпті, батса да ақын,
Түсінде де ол патшадан басым.
Қабына симай, жүрегі қысып,
Періште болып, жүреді ұшып.
Түссе де жерге, ақындар мықты,
Жүрегі тулап, лапылдар тіпті.
Оларда жүрек өзгеден бөлек,
Өзгелер ұғып, сезбеген дерек
Жүрекке жетіп, құт болып түсер,
Турасын айтсақ, жүк болып түсер.
Жанына ақын қарасаң барлап,
Жүрекке түсер орасан салмақ.
Сондықтан, тынбай ауырады жүрек,
Мазаны бір сәт сағынады жүрек,
Бәрібір, мәңгі ауырады жүрек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу