Өлеңдер ✍️
КӨКПАР
Бабам Өмiрдiң рухына
Дала...
Дүбiр...
Көктемде желiк тербеп:
«Қазақ көкпар тартады нелiктен? – деп,
Атам марқұм айтатын: Жiгiт болсаң,
көк бестiмен доданы көрiп кел,» – деп.
Жасын ойнап көзiнде – оттар күзгi:
«Сен бармасаң, Шалкөде жоқтар бiздi»... –
деушi едi де мұңайып отыратын,
кеудедегi өшiрмей шоқтарды iзгi...
Ұзап ойдың ұстатпай қара, көгi,
таулардың да тоз-тоз боп барады өңi.
Ұмытқандай осы ауыл көкпар атын,
әкең-дағы ұмытып барады оны».
Дейтiн-дағы күрсiнiп алатын-ды.
Қозғайтындай дауысы
Дала...
Түндi...
Жылдар өттi. Қайран қарт өттi өмiрден
намысымен «қатайтқан» қанатымды.
Жылдар өттi...
Тау қалды...
Тарлан қалды...
Қора қалды, қой қалды, арлан қалды.
Ақын-ғалам тербетiп ой-сананы,
кеттiм iздеп бимәлiм армандарды.
Жылдар өттi... Шақырып ғарыш бағы,
шалдар сиреп, аңыздар алыстады.
Бiрақ елде көкпарлар көбейiптi,
Қазағымның тiрiлiп намыс, қаны.
Дала...
Дүбiр...
Бойды асау желiк тербеп:
«Қазақ көкпар тартады нелiктен?» деп
қала кезген достарым айтар ма екен
жалғасына: «Доданы көрiп кел!» – деп?!
қазан, 1968 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter