Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  399


Автор: Рафаэль Ниязбек

СҮЙІНБАЙ

(Ақын ел ішін ала тайдай бүлдіріп бара жатқан бір сотқарды алдына шақырып алып, оған былай деп қаттым кейіген көрінеді)
Заман азған жоқ –
Азған сен,
Заман тозған жоқ –
Тозған сен.
Заман күйреген жоқ –
Күйреген сен.
Көрерсің әлі күні ертең
Жерімді менің түлеген,
Елімді менің түлеген.
Көрерсің сонда
Таулардан соққан жүрегін
Жарқылдап шыққан ерімді –
Зұлымдарды
Қамырша илеп білеген.
Заман азған жоқ –
Азған сен,
Заман тозған жоқ –
Тозған сен.
Заман күйреген жоқ –
Күйреген сен.
Мені соқыр деп пе едің
Қырағы көзім шалып қалды қиядан,
Тас түлек қыран ұшып еді ұядан.
 Тасқын күші атылардай жігердің,
Сұр жебені шірей тартып жібердің.
Мұндай жауыз болармысың тегінде,
Құлап түсті қыран құс
Саңқылдап ұшқан көгінде.
Тірі болсам жұмыр басым не көрмес,
Бірақ сенің көсегең де көгермес.
Түнде көрген шым-шытырық түсімдей,
Жүрмін, жаным, саған әлі түсінбей.
Адырдан ұшқан ақ иық
Мен болмағанда кім дейсің.
Сөйте тұрып
Саңқылдап ұшқан қыранды
Көсіліп шапқан құланды
Неге, жаным!
Неге сонша күндейсің?!
Қай заманда қай қыран
Қай заманда қай құлан
Теңеп еді өзіне
Жер бауырлаған жыланды.
Зар-зұлымдық жатқан жоқ па
Сұрқия сұмдық күлкіңде,
Осыны өзің сезбеуің тіпті мүмкін бе?!
Ой, сабазым-ай!
Улы тамырдан нәр алған,
Улы жыланнан жаралған.
Содырдан сендей көрмедім әсте қас қағып,
Байқамай сені...
Жүрмін бе, айтшы, тас бағып.
Бағыма менің түспегін
Жоныңды тілем таспа ғып.
Байқа, бала!
Бағыма түспе менің –
Сен боласың ендігі түстегенім.
 Асыққаның ертерек ажалыңа
Жемісімнен бір түйір тістегенің.
Кіргенмен сенің кейде есің –
Талайдың қанын
Бойыңа сорған жейдесің.
Ақ қанат аспан астында
Зұлымдық қуған пендесің.
Батыраштар, Бекежандар –
Қос обаның түбінде
Бұғып жатқан теңдесің.
Әлі де айтам, арыла айтам:
Қыранды атпа көктегі,
Құланды шалма жердегі,
Аққуды атпа көлдегі.
Жыланды қусаң өзің біл,
Ақынды қума елдегі.
Үзілмесін от демі –
Өмірдің бұлар көктемі.
Қарқылдап ұшқан қарғадай
Содай-ақ және көп пе еді,
Шыныңды, айтшы, көп пе еді.
Түсін мейлі, түсінбе
Түлкі сынды қуланып.
Өз уыңа күні ертең
Өлесің сен де уланып.
Ой, сабазым-ай!
Улы тамырдан нәр алған,
Улы жыланнан жаралған.
Сен суымнан ішті екен деп
Шолақ сай тасымайды.
Сен басымнан түсті екен деп
Алатау жасымайды.
 


***
Шалғын едім, самал боп жайқамадың,
Мөлдіреген сезімді шайқамадың.
Сосын мынау нар қылық мінезімді
Бой түзеген бойжеткен байқамадың.
Күнім едің көгімде күлімдеген,
Сәуле шашып айнамда дірілдеген.
Жүрегімді жайлаған дертім едің
Менен өзге пендеге білінбеген.
Пайда болған толқындай дара ағыстан,
Қиялым ең жан-жаққа тарап ұшқан.
Айдын көл ем қона алмай жүрсің бе әлде
Қорқып сонау қанқұйлы қара құстан.
Көз жасымды бұл күнге жеттім бүркіп,
Жердің де іркіп ағысын, көктің де іркіп.
Киігім ең төсімде ойнақтаған
Бір мылтықтың даусынан кеттің бе үркіп.
Көп сүңгідім аспанға көк теңіз деп,
Тырналардан құрғанда көктем тізбек.
Шағаладай шарқ ұрып көп сабылдым,
Жерден де іздеп бір сені, көктен де іздеп.
Есіме, еркем, бал дәурен шағыңды сап,
Жаймады алдан өзің боп бағым құшақ.
Жоқ боп тағы кетпейсің,
Көрінесің
Бұлдыраған алыстан сағым құсап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу