Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  490


Автор: Рафаэль Ниязбек

БІР ҚАРИЯНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

...Көк түтін құшағын кең жайды аспанда,
Екі жақ айбалтасын қайрасқанда.
Сан мың боздақ қиылды
Өлім - Өмір
Тістесіп бір-бірімен шайнасқанда.
Сонан ба тас түйін боп кектенемін,
Кектенемін,
Шырқалмай текті өлеңім,-
Бір күні мені де алар тұғырына
Түбіне боздақтардың жеткен өлім.
Жасымда жүрсем өрге көпті сүйреп,
Көк сүңгі көк бүйірден өтті түйреп.
Менің тап мына шоқша сақалымдай
Көз көрген замандас та кетті сиреп.
Шырқап бір шықпаған соң жыр-көгіне,
Риза емен жер бетінде жүргеніме.
Көлігі жоқ үйдеймін
Жұртта қалған
Бір көштің ілесе алмай дүрмегіне.
Е... Дүние, көкірегіме кір де менің,
Жарасын жазып берші бұл дененің.
Мен енді көп алысқа ұзамаспын
Тұсында жолым бітер бір төбенің.
Білемін не боларын өлсем кеудем,
Бірақ та күн өткізбен кемсеңдеумен.
 Мен әлі жасай берем жер бетінде
Ажалдың өзін көрге көмсем деумен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу