Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  168


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҰЛЫМА ОПЕРАЦИЯ ЖАСАҒАНДА


Тағдырдың осы ма әлде қатты шағы,
(Әйтеуір аулақ болғай жат құшағы).
Кеудеңде Өмір болып жортып жүрді
Хирург – дәрігердің ақ пышағы.
Тау ма едің басын сенен бұлақ алар,
“Қайтеді, - демедің-ау бұл ағалар”.
Алайда сен төзгенмен
Шыдай алмай
Сыңсыды қара орман боп мұнаралар.
Туғаннан өстің бе әлде жарыс тілеп,
Мен білсем ұшардайсың алыс түлеп.
Кім кепіл нағыз ұлы болмасыңа
Барыс жүрек қазақтың, барыс жүрек.
Сен сонда жата бердің сыр білдірмей,
Тағдырым әзір мені тұр күлдірмей.
Арманым саулығың ед
Арман-саулық
Құс болып, амал қанша, жүрді ілдірмей.
Жалғандық жоқ та шығар көзімде өлген,
Айналдым табиғаттан төзім берген.
Әкеде арман бар ма
Қайсар ұлдың
Жарқ-жұрқ еткен көзінен өзін көрген.
Үйренбе жүрек дейтін торғайды атып,
Өссең де арманыңды қолда ойнатып.
 Азапты мен тартпаған
Сен тарттың-ау,
Бес жасқа, ақ жұлдызым, толмай жатып.
Ендеше мынаны ойла, жан ашырым,
Сенсің ғой бар қазына, бар асылым!
Менен де биігірек шырқап, самғап,
Ұшарсың менен де алыс, қарашығым!
Ер жігіт – елдің ары, қасиеті
Қатыгез бола көрме, жан асылым!
***
Қызығы мен шыжығы араласқан,
Жанарымның түбінен дала қашқан.
Қыздарға емес
Шаң жұқпас жүйріктерге
Құмар боппын сондықтан бала жастан.
Кең даланы жүргесін ұшпақ көріп,
Жүгірмеуім мүмкін бе жүз баққа еніп.
Атам бірде бәйгеге қосқын деді
Жылқысынан бір жүйрік ұстап беріп.
Өмір – бәйге!
Оны енді кім ұқпасын,
Онсыз арман қалайша жуықтасын.
Атым сымдай тартылып шыға келді
Терін алып жаратып суытқасын.
Жүйрік еді –
Көрмеген елеп те өрді,
Жөнеп берді –
Дүбірге бөлеп белді.
Төрт тұяғын тік тастап
 Жел-қанатым
Жымнан қашқан қояндай жөнеп берді.
Қағып едім сәл ғана сулық бұрып,
Алға түскен құланы қуды ықтырып.
Көмбе алыс...
Тізгінді тежей бердім
Алмайын деп атымды булықтырып.
Сап-сары ала шаң шұбап ереді арттан,
Қол қарысқан тізгіннен кере тартқан.
Бота тірсек боз атым –
Өлеңім бе,
Бәйге ішінде зымырап келе жатқан.
***
Ұшқан оқтың кеммін деп қандайынан,
Зеңбіректің тебініп таңдайынан.
Бір қорғасын жүр әлі арман етіп,
Тыныштықтың тисем деп маңдайынан.
Соғыстардың көз салып өлкесінен,
Сипағанға мәз болып жел төсінен.
Бір қылыш жүр әлі де арман етіп,
Тыныштықты қисам деп желкесінен.
Тартамын деп қанды ізін төтесінен,
Танған еді кезінде көп есінен.
Бір бомба жүр әлі де арман етіп,
Тыныштықты ойсам деп төбесінен.
Ала құйын адуын желде есем көп,
Өшіруге мен ерік бермесем деп.
 Бір шала жүр әлі де арман етіп,
Тыныштықтың орманын өртесем деп.
...Жаз өтеді,
Әлі де күз өтеді,
Тарих өзі қатесін түзетеді.
Соғыс енді болмас та...
Дегенмен де
Қос шырағым бір-бірін күзетеді.
***
Келген жандай шұғыла – нұрдан көшіп,
Жібек жел боп жетеді қырдан да есіп.
Жер бетінде адам жоқ бақытты одан
Аяқ болар ағаштар тұрғанда өсіп.
Жасырмайды жасықтай сырын көптен,
Жүгенсізді түзейді қырын кеткен.
Барар жерге бәрібір сол сабазың
Аяғы бар шабаннан бұрын жеткен.
Қайғырғаны оның да сезілмейді,
Қарсы келіп кісіге сөз ілмейді.
Жанарына қойылған қара тасты
Соқыр адам өзімнің көзім дейді.
Жан болса да тағдыры қырын келген,
Көңіліңнен көк өзен жырыңды өрген.
Сол соқыр ше...
Мініңді бойыңдағы
Қос көзі бар досыңнан бұрын көрген.
 ***
Болар, бәлкім, есіңде
Сенің үшін бар қатерге тіленді Ер...
Уа, жер!
Мына сенің төсіңде
Жүрер едім жалаң аяқ жүгіріп
Кірмесе егер
Сен өсірген тікендер.
Шеңгеліне қызықпас ем қыранның,
Тұяғына қызықпас ем құланның.
Уы барын білмей жүрсем
Уа, жер!
Нар жоныңда жорғалаған жыланның.
Қайғырмас ем өмірде
Өткерсем де құла жүйрік күндерді –
Осынау жасыл өңірде
Бір ақымақ таптап, жаншып жүрмесе
Сен өсірген гүлдерді.
Балалығым,
Шалалығым есімде,
Қателіктер –
Жығылғаным сан төбені құшақтап,
Біреу мені тастағандай пышақтап...
Уа, жер!
Мына сенің төсіңде
Тауларыңды көріп ылғи жүрмесем
Кетер ме едім ұсақтап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу