Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  111


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨМІР ДЕГЕН...

(Бір қарттың аузынан)
Өмір қыз ба
Тұратын қасын керіп?
Өмір құз ба
Құрсанған тасыңды өріп?
Алаулы шақ қайда әлгі
Өтпесе өмір
Ел-жұртыңа жүгірген жасын беріп.
Көзге жаңбыр тамшысын мөлдіретіп,
Өмір өтіп барады,
Өмір өтіп.
Өмір әке болғанда,
Мен – баласы,
Баланы әке кетер ме еңіретіп.
Келем, міне, өмірдің арбасында,
Бір сілтеуден белгілі қалмасым да.
Құлаймын ғой
Қашанғы тұра берем
Жалғыз үйдей жарбиып жар басында.
 Ұры-уақыт мені әлі дара тонар,
Қажетіне сөйтіп ол жарата алар.
Жел өтінде құламай тұра алар ма
Түбін құрт жеп тауысқан қара томар.
Жетер бір күн ажал да омыраулатып,
Самайына, шашына мол қырау қатып.
...Өмір деген –
ағысты күйме емес пе,
Өте шығар әп-сәтте қоңыраулатып.
***
Далам байтақ,
Жасаулы жерім көсем,
Бұлағынан су ішіп, көлін кешем.
Қырларында сан болған жарыстардың
Қорықпағын алдынан көрінбесем.
Орта жолда қалғам жоқ арып, тоңып,
Шұғылаға жүрдім мен қарық болып.
Сөнді сенің шырағың деп айтасың,
Айналамда тұрғанда жарық толып.
Табиғаттың сөйлеймін тілін біліп,
Жұлдыздарым ағады түнін тіліп.
Күнің батып барады деп күлесің,
Тұрған кезде көгімде күнім күліп.
Күйбеңменен тірлігің өтіпті көп,
Самарқаулық саған да жетіпті деп.
Кім біледі...
Тағы да жүресің бе
Көкжиегің тарылып кетіпті деп.
 Кең далаңда дегендей шалқы мына,
Туған жердің көп шығам жал, құмына.
Мені осал деп жүрмісің...
Әй, қайдам-ау,
Жанарымның қарағын жалқынына.
Күннен күнге кеңейіп кеңістігім,
Жайқалуда көкорай егістігім.
Қырларымда жайқалған қызғалдақтай
Желбіретіп қоямын жеңіс туын.
Білмейсің-ау қолымда мынау менің
Бақытының тұрғанын жер үстінің.
Бақытының тұрғанын жер үстінің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу