Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  155


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЗАМАННЫҢ БОЗ ІНГЕНІ

Қасіретін арқалап көшкенде елі,
Сайын самал болар ма ескен демі...
Молықбай шал емес пе Талғар шыңы
Тұра қалған жан болып тас кеуделі.
Ата намыс өзекте от қозғағанда,
Қалды ма орнап құз болып боз даламда.
Жеті өзен боп жамырап кетті ме әлде
Бозінген боп қобызы боздағанда.
Қанды шеңгел тағдырын қармап өктем,
Жасын - отын жиды ма жарма көктен.
Қайда кеткен, япыр-ау,
 Молықбай шал
Жеті өзеннің тілімен сарнап өткен.
Кетті ме алып көктегі ай жақ танып,
Жорттың ба әлде жеке өзің сайғақтанып?
Жетісудың жүгірген бір өзені
Молықбай шал
Кетті, айтшы, қай жаққа алып?І
Қайта оралып құландай кешкен қағын,
Қайта жанар әлі де өшкен бағың.
Сенің, бәлкім, буалдыр заманың ба,
Құба жонның үстімен көшкен сағым?!
Өжет күйден құйылып қияға асқан,
Сендей,
Сендей өренді жияды аспан.
Алатауды айналып бір қыран жүр,
Сол сенбісің бір құзға ұя басқан.
Қандай ғана жаралдың құдіреттен,
Бұлшық ет пе ең бөлінген шымыр еттен?!
Сенің күйің қан болып тарауда әлі
Тіршіліктің бәріне қыбыр еткен.
Күйің сенің –
Жеңімпаз жатқа күлген,
Ту көтеріп жас боздақ сапқа кірген.
Күйің сенің –
Ел-жұрттың рухы болып
Қиын кезде ұрандап атқа мінген.
Қайдан тексіз болсын-ау түбірі өлген,
Тау басына шынар ғой бұл бір өнген.
 Жер мен көктің арасын күймен тербеп,
Қалың ел боп және де күңіренген.
Күйің, сырың бар болса қозға, көктем,
Өткен күндер –
Шыт көйлек тозған өктем.
Молықбай шал –
Заманның бозінгені
Мұңын жоқтап елінің боздап өткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу