Өлеңдер ✍️
АЛПЫСТЫҢ АСҚАРЫНДА
Хамит Ерғалиевке
Асу-асу белдерден бір-ақ асып,
Ақ боз атың тізгінін жұла қашып,-
Кең далаңа жыр болып тарап жаттың
Өн бойыңнан ғаламат бұлақ ашып.
Жүріп өткен жолыңа шашылды алау,
Өзің асқан бар белес -
Асылдар-ау.
Өлең-жырдың биігі сен болмасаң
Қар жата ма, ағажан, басыңда анау.
Айды өзіңе аударып, күнді өзіңе,
Шуақ болып құйылдың гүл көзіне.
Кейде өзің де қызыға көп қарадың
Өзің соққан өлеңнің күмбезіне.
Ғаламат ед, ағажан, үнің неткен,
Тұрғасын ба жарқырап күнің көктен,-
Алпыс шыңға мені де жетелейді
Жолдарыңа үңілсем жүріп өткен.
Ұран салып жау жүрек ер деп кілең,
Тебіреніп толқыдың ел деп кілең.
Құрманғазы болғанда күй атасы
Өлең-жырдың Құрманы сен деп білем.
Жағаласып жалғанмен жат көрінген,
Сардар ақын түскен бе ат белінен.
Ақбас шыңын күн шалған сені көрем
Өлең дейтін өлкенің қақ төрінен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter