Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  133


Автор: Рафаэль Ниязбек

АНА

Жүрмін, ана, өзіңді дана көріп,
Дана көріп, көк жазық дала көріп.
Жаның сенің кең жайлау болғасын ба,
Бүкіл ауыл келіпті саған еріп.
Төрге оздырсам біреуді дара көріп,
Біреулерді сыйладым аға көріп.
Сен келіп ең
Қазақтың даласы да
Үйіме еніп кеткендей саған еріп.
Көңіліңді жүргесін бала бөліп,
Кетесің-ау осылай қалаға еніп.
Үлестіріп жатырсың ағайынға
Бірге өзіңмен дала исін ала келіп.
Айналайын арлы Өмір,
Сезімді Ана,
Жер бетінің ұлысы –
өзің ғана.
Болсам керек мен сенің көкжиегің,
Көкжиекке қарайсың көзің тала.
Қалам ба деп елімнің ертеңі боп,
Араладым Ақжайық өлкені көп.
Мені әйтеуір келеді өрге сүйреп,
Ақ жаулығың жанымның желкені боп.
***
Бұйым боп па тағдыр да тасын атқан,
Бұйым боп па көтерген басын ақпан.
 Нұрлы өмірім ғаламат өзен сынды
Арнасында бұрқанып тасып аққан.
Жанарымда тау көшіп, тас аунаған,
Кезім содан болмапты жасаураған.
Жер-су беріп, еншіме қайрат беріп...
Өмір мені осылай жасаулаған.
Іздеп таптым солардан керегімді,
Көк жүзінде жайнатып төре-күнді.
Жан саясы болсын деп жолаушының,
Мәпелеймін күндіз-түн терегімді.
Жылдам өтіп жатқасын күндер өктем,
Ел-жұрт түгел жолаушы түнделеткен.
Нұрлы өмірім ғаламат өзен болса,
Ал өзеннен су ішпей кімдер өткен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу