Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  145


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨЛЕҢ ТУРАЛЫ ОЙ

Дүбірлі тойымсың сен бастамаған,
Дүрмекті ойымсың сен жасқамаған.
Біраз жыл жолдас боппыз...
Орта жолға
Жақсы дос жан серігін тастамаған.
Қайырсам сөз төркінін келтесінен,
Кім білсін танар ма еді жел де есінен.
Сыннан да шығып жатыр Батыраштар
Құнжитқан Құлагерді желкесінен.
Олар да мені талай сілкілеген,
Сілкілеп түндігімді тілгілеген.
Сонда да тастамадым өлең, сені
Жазымның жаңбырындай сіркіреген.
 Сені қорғап арнаңда жосқылаған,
Сүрінсем дұшпан күліп, дос жылаған.
Қатыгез тас жүректің қамшысы да,
Жотамды жол ғып талай осқылаған.
Мінгескен көлеңкедей салақтаған,
Бұл күнде аш көздер көп жалақтаған.
Жол бике төрешілер бізін сұғып,
Сан мәрте жүрегімді шабақтаған.
Сонда да өлең, сені, тастамағам,
Анадай өз перзентін жасқамаған,-
Әлемнің тудырсам деп қозғалысын
Еш адам бұрын-соңды бастамаған.
Жұртыңның кетпей тегі күнде есінен,
Жұлдыздай жымың қағып түн төсінен.
Түспейтін кезің де көп болар, бәлкім,
Болашақ күннің биік мінбесінен.
Атақты кім жек көрсін дүркіреген,
Ақ шаңқан шабыт болып жыр түлеген.
Шатырлап шығар әлі найзағайың
Көңілдің аспанынан күркіреген.
Со кезде менен алыс асқақ кетіп,
Келдің деп осы күнге жасқап, жетіп,-
Өлеңім жүрмегін тек
Айдалаға
Мінезсіз жылқылардай тастап кетіп.
***
Менде әлі бар екен-ау күйікті шақ,
Өзіме келем өзім қиықты сап.
 Төсімді желге беріп зымыраймын,
Мен кейде жаралы, ақсақ киік құсап.
Жанардың бір төбеден жарығы аспай,
Қалған соң болмас сырдың барын ашпай.
Мен кейде жәбір көріп шырылдаймын
Қанаты өртке күйген қарлығаштай.
Кемеңгер жүрекпен де жыр, әнді ұқсақ,
Дуылдап кетер еді-ау ұранды шақ.
Сындырған дауыл шайқап бар бұтағын
Мен кейде бәйтерекке тұрам ұқсап.
Менімен ойнайды ажал балдыздардай,
Ақ шаштар басыма орнап қалды ызғардай.
Мен кейде төрде мүлгіп отырамын
Толқын соғып қажытқан жал-құздардай.
Жасымда заулаушы едім күй ағындай,
Таулардың шөлге асыққан бұлағындай...
Кім білсін аз қалды ма бұл ғұмырым,
Тұлпардың жол тоздырған тұяғындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу