Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  187


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЦЫГАН ҚЫЗБЕН ӘҢГІМЕ

Бес тиын бер бал ашамын,
Дейді цыган өршелене.
Сонда менің болашағым,
Бес тиынмен өлшене ме?
Жоқ, жоқ цыган өр кеудемде,
Жалын жатыр от-жігердей.
Сенсіз де елім өркендеуде,
Жоғалшы өзің жоқты термей.
Сенсіз де тозып келген –
Миғұла ақымақтар.
Сенсіз де озып берген –
Құлагер арғымақтар.
Сенсіз де көтерілген,
Көгіне қыран шабыт.
Қанатымда от өрілген
Дауылпаз ұран салып.
Сенсіз де күмбезіне,
Қазағым Ай қондырған.
Күнде ұшады күн көзіне
Ұлы арманым Байқоңырдан.
Өмір сүрген ортаға сын,
Мынау ісің ғарып бізге.
Адамдарға жол табасың,
Жүрегімнен жарықты ізде.
 Бес тиын бер бал ашамын,
Дейсің, цыган, өршелене.
Сонда менің болашағым,
Бес тиынмен өлшене ме?
***
Хас жүйрік қуғанына жетер демде,
Сескенбей алдағы ордан, қатерден де.
Жан әке, бәсіремді тізгіндеп бер,
Ұл болып туған жоқпын бекер мен де.
Тұрсың ба бір байламға тоқтап іштей,
Бола ма қызыл-жалын отқа түспей.
Ал әке, жылқы келді ұстап берші,
Ашылмас жігіт бағы топқа түспей.
Шабайын қара жердің төсін тіліп,
Төсін тіліп шабайын көсілдіріп.
Қолаң шаш... көрікті қыз көрші үйдегі,
Шын жігіт екенімді қойсын біліп.
***
Сен аңсап көксер едің,
Кетсем мен бағытымнан басқаша ауып.
Мен алмас семсер едім,
Жүзімді майырмағын тасқа шауып.
Қайнары ем бір бұлақтың,
Жолымды байламағын жар сап биік.
Жонымен қыр, құмақтың,
Арнама жатпайын мен шаршап құйып.
От едім жанып тұрған,
Сөндірсең өкінерсің.
 Серпілмеу – талай сені жалықтырған,
Қайтадан өтінерсің.
Күй едім түрегелген ереуіл сап,
Жарықшақ үн қоспағын ұраныма.
Желікпе желді мынау желеу қылсақ,
Таң атып, күн шықпайды қыраныма.
Жігіт ем нұр аңсаған,
Сан түнде жыр жолдаған өзіңе арнап.
Ғұмырым – ұран саған,
Ойлама алыпты деп сезім арбап.
Сен аңсап көксер едің,
Кетсем мен бағытымнан басқаша ауып.
Мен алмас семсер едім,
Жүзімді майырмағын тасқа шауып.
Мұратым: арыныңмен қайырсаң сел,
Бермейсің езіле де.
Жүзімді тасқа шауып майырсаң сен,
Өзге түгіл өтпеймін өзіңе де.
***
Мен неге тартынамын жоқтай бағам,
Жұлдызын жанарымның шоқтай жағам.
Жаныңды азапқа сап тұрған қайғы
Кетуі мүмкін емес соқпай маған.
Қиындық көрсең, жаным, жасыма тек,
Көңілді шақтарыңда тасыма көп.
Мүмкін ғой маған соқпай кетуі оның,
Бір бақыт қонса сенің басыңа кеп.
 ***
Жұлдыз болып әр кеште жанамыз деп,
Қайда кеткен жүрген қыз манағы іздеп.
Ол да мені менсінбей қипақтай ма,
Жүрсем оны ұнатпай бала қыз деп.
Айтып едім ізетпен кел деп қана,
Түнгі желмен жатқанда желдеп дала.
Әттеген-ай, аузымды буып қойды-ау,
Көрші үйде тұратын тентек бала.
Күдер үзіп енді одан кетемін бе,
Мақсатыма бәрібір жетемін де.
Кино жаққа аяңдап барады олар,
Келем деген әлгі қыз жетегінде.
Айтып едім ізетпен кел деп қана,
Түнгі желмен жатқанда желдеп дала.
Ойхой, дәурен, аузымды буып қойды-ау,
Көрші үйде тұратын тентек бала.
***
Бұл сырды айтқан жоқ ем бұрын саған,
Жүректің қырық жамау мұңын шағам.
Өрлігің – заңғар таудың құзарындай,
Мінезің – күміс жалды құлыншақ ән.
Түнерсең қабағыңнан қысты көрем,
Алпауыт, атан дауыс, сұсты, керең.
Сен жалын, мен қорғасын... кетем балқып,
Сен күлсең... гүл ерінің ыстық ерен.
Өзі кеп қонса бақыт басыңа асыл,
Көгіңнен щұғыла боп шашыласың.
 Әр түрлі өнерің бар,
Ашулансаң
Құйындай тулап-тулап басыласың.
Сені ойлап жаспен бірге жиі ақты мұң,
Білмейді арға таңба ұятты кім?
Биіксің,
Түссем төмен
Құзарыңа
Мен қайтып шыға алмайтын сияқтымын.
Жүрегім кейде саған жат шағындай,
Бармайды өзіңді іздеп тап сағынбай.
Өкпелеп сонда маған, жоғаласың
Ғайып боп қырға сіңген ақ сағымдай.
Суырылса қынабында тыныш жатпай,
Қоймайды тасыңды да қылыш шаппай.
Сен өстіп көз алдымнан ұзап кетіп,
Келесің қайта шауып құлыншақтай.
Сені ойлап жанарымнан жиі ақты мұң,
Білмейді арға таңба ұятты кім?
Жүйріксің,
Ақ сәуле боп зымырайсың,
Мен қусам жете алмайтын сияқтымын.
Биіксің – түссем қайтып шыға алмаймын,
Жүйріксің – қусам саған жете алмаймын.
Бір жіппен мені өзіңе байладың ба,
Мен сенен ұзап тағы кете алмаймын.
 ***
Балбыратып тастақ-құзды,
Түн пердесін жайып құрды.
Қараңғыға тастап бізді,
Ай – жеңгеміз тайып тұрды.
Жасырайын енді несін,
Сүйісіппіз ұзақ талып.
Басқа түссе көндігесің,
Көрсін, кәне, қыз ақталып.
Әжесі жүр жарлығы көп,
Аңшыдай-ақ із кеседі.
Машинаның жарығы кеп,
Сайды тінтіп іздеседі...
***
Нұр боп қонып даланың түр-өңіне,
Шулы ормандай сыр айтып жыр еліме,
Ару көктем келді де,
Жігіттердің
Шоқ түсіріп барады жүрегіне.
Ғайып болған қырандай үйректі іліп,
Осалдығын қыс кетті күйреп, біліп.
Жігіт көктем ернінен құшады-ай кеп,
Бақ ішіне бір қызды сүйреп кіріп.
...Тырналардай көктемім көп тізіліп,
Көз алдымнан мені де өт түсініп.
Сағағынан қиылған жапырақтай,
Қыз көзінен бір тамшы кетті үзіліп.
 ***
Ат басын саған қарай бұрғанымда,
Дауылдай сабаланып бұрқандың ба.
Мен саған жақын бардым,
Бақ ішінде
Сүйеніп бір қайыңға тұрғаныңда.
Өзің біл сөнген отты жағасың ба,
Тентек қыз бұлданады бағы асылда.
Мен саған жақын бардым,
Тұрғаныңда
Бұлақтың ойға шомып жағасында.
Сағымдай көзді арбадың нұрға сіңіп,
Айналып кетердей сен жырға асығып.
Мен саған жақын бардым,
Топ қыздармен
Гүл теріп жүргеніңде қырға шығып.
Сен сонда жылы жүзбен тіл қатпадың,
Тіл қатпадың қайтейін, бұлғақтадың.
Ақ Еділ көңіліме қаяу салып,
Нұр сүйген жанарыма мұңды аптадың.
Сол күндер енді менен барады ұзап,
Кеңдікті білер ек қой даланы ұқсақ.
Амал не жұрегімде қап барасың,
Жүзіме түскен менің жара құсап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу