Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  96


Автор: Рафаэль Ниязбек

* * *

Жігіт едім барлап жүрген ертеңін,
Қол соғады жанкүйер – жер, кең өлкем.
Бар жақсыны соңыма мен ертемін,
Ал, соңыма ермесе екен көлеңкем.
 Буырқанып тау көшірген дүлеймін,
Алатау да маған иген ақ басын.
Менің кеудем...
Табиғаттан тілеймін
Суық көрде өлік болып жатпасын.
Мен арыма билік айтар төремін,
Биіктерде тұратын.
Өз бағымнан көремін,
Боламын ба, болмаймын ба ірі ақын.
Е, досым-ау, жіберіппіз кімге есе,
Айналамыз бейне жайған көк кілем.
Бір адамдар бізді ішкіш деп күндесе,
Мұның өзін ішмерездік деп білем.
Семсер көктің жадау бұлтын тілсе ғой,
Өкпек жел боп соқпас еді ызғар да.
Бізді іздейтін ажал барын білсе ғой,
Іздеп бізді әуре болмас қыздар да.
Семсер – өлең тасыңды да тіледі,
Күллі әлемді бір өзіне қаратып.
Қатал тағдыр өлер жерін біледі,
Бізді жүр ғой қажетіне жаратып.
Бізге біткен тау тұлғалы өр кеуде,
Дүниенің құшағына симапты.
Өзгелерге күллі бақыт бергенде,
Бұл табиғат ақындықты сыйлапты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу